Азаттықтың Тәжік қызметінің хабарлауынша, Қытай инвесторларына берілген "Якчилва" күміс кеніші елдегі ең биік таулы аймақта - Мургаб ауданында, теңіз деңгейінен 4500 метр жоғарыда Памир тауында орналасқан. Тәжікстан үкіметі кенішті игеріп жатқан шетелдік инвесторларды құрал-жабдықтар мен техникаға салынатын баж алымынан жеті жылға босатқандықтан ел бюджетіне кеніштен түсетін кіріс азаймақ. Алайда, келісім бойынша, қытай компаниясы жергілікті тұрғындарды оқытып, жұмысқа орналастыруды міндетіне алған.
"Инвестор кенішті игеруге, қалдық қоймасын салуға, электр желісін тартуға және басқа жұмыстарға 385 миллион сомони (шамамен 39,7 миллион доллар) жұмсауды міндетіне алды. Сонымен бірге алғашқы үш жылда компаниядағы жұмыс орындарының 60 пайызына жергілікті тұрғындар тартылады, кейін бұл көрсеткіш 80 пайызға дейін ұлғаяды. Инвестор жұмысшылардың біліктілігін арттыруға жылына 500 мың сомони (шамамен 51,6 мың доллар) жұмсауы тиіс" дейді Тәжікстан мемлекеттік инвестиция комитетінің төрағасы Фаррух Хамрализода.
Кей сарапшылардың пікірінше, қазіргі дейін кеніште барланған қордың барлығын игеруге үш жыл жеткілікті, яғни қытай компаниясына берілген салық жеңілдігінің мерзімі аяқталғанға дейін кеніш толық игеріліп бітіп, бюджетке салықтан пайда түспеуі мүмкін.
"Геологиялық барлау жұмыстары жүріп жатыр, сынақ ретінде кенішті игере бастадық. Бір жылда 40 тонна күміс өндірмекпіз. Қазір барланған күміс қоры 113 тонна" дейді "Кашн Синьюи Дади Майнинг Инвестмент" компаниясының өкілі Юан Ин Ху.
Экономика ғылымдарының докторы Ходжимухаммад Умаров кен орнын қытай компаниясына мұндай шартпен беру Тәжікстанға тиімсіз деп санайды.
"Түрлі-түсті және қымбат бағалы металл алынатын кен орындарының барлығы биліктің қолдауымен жергілікті компаниялар игергені жөн. Және өндірілген өнім елде қалуы керек. Әсіресе осы жерде өндірілетін алтын мен күміс мемлекет қорына түсуі тиіс. Мұның барлығы біз кредит пен инвестицияға мұқтаж болған кезде пайдамызға жарайды" дейді Умаров.
"Якчилва" Мургаб ауданындағы жалғыз күміс кеніші емес. Умаров болашақта ондағы өзге кен орындарын игерумен де қытай компаниялары айналысуы мүмкін деп санайды.
2019 жылғы тамыздың соңында Тәжікстан үкіметі Айни ауданындағы алтын кенішін тәжік-қытай бірлескен компаниясына бергені туралы ақпарат тараған. Елде алтынның 80 пайыздан астамын осындай біріккен кәсіпорындар өндіреді. Talco Gold компаниясының тәжікстандық серіктестерінің айтуынша, кен орындарын игеру ісінде қытайлықтарға басымдық экономикалық тұрғыдан тиімді болғандықтан беріледі.
Тәжікстан инвестиция тарту үшін ғана емес, Пекиннен алған қарызын өтеу үшін де Қытайға кеніштерін жалға беруге мәжбүр. Мысалы, "Душанбе-2" жылу электр станциясын салу үшін билік Қытайға "Жоғарғы Кумарг" алтын кенішін белгісіз мерзімге жалға берген.
ПІКІРЛЕР