Accessibility links

Бюро: Мәнізоров "Алаяқтық" бабы бойынша күдікке ілінді


Бағдат Мәнізоров.
Бағдат Мәнізоров.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өткен аптада ұсталған Алматы облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бағдат Мәнізоровқа қатысты тергеудің жалғасып жатқанын хабарлады.

Агенттік төрағасының орынбасары Олжас Бектенов 2 қазанда журналистерге Мәнізоровтың "Алаяқтық" бабы бойынша (Қылмыстық кодекстің 190-бап, 4-бөлім 2-тармағы) күдікке ілінгенін айтты.

"Тергеуші [Мәнізоровты] үйқамаққа ауыстыру өтінішті прокуратураға жіберді" деді Бектенов. Ол тергеу құпиясын алға тартып, істің жай-жапсарын ашып айтпады.

Осы аптада "Время" басылымы Мәнізоровтың үстінен бастапқыда "пара алу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, кейіннен "алаяқтыққа" ауыстырылғанын хабарлаған еді. Шенеунік көмекшісі журналистерге Мәнізоровтың тергеу изоляторында емес, ауруханада екенін айтқан.

Бағдат Мәнізоровтың ұсталғанын жемқорлықпен күрес бюросы өткен аптада растаған. Қауіпсіздік органдарындағы құпия дереккөзге сүйенген жергілікті БАҚ оны 26 қыркүйекте ұстағанын хабарлаған.

57 жастағы Бағдат Мәнізоров Алматы облысы әкімінің орынбасары қызметіне жақында, 10 шілдеде тағайындалған. Оның алдында Алматы қалалық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасын екі жыл басқарды. 2008-2017 жылдар аралығында Алатау ауданының әкімі болды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG