4 қыркүйекте Түркістан облысы Қазығұрт аудандық соты Сириядан оралған 24 жастағы Аида Амангелдіні Қылмыстық кодекстің "Терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру", "Қорқыту" және "Құқық қорғау органы, әскеридің өміріне қол сұғушылық" баптары бойынша кінәлі деп танып, бес жылға бас бостандығынан айырды. Бұл туралы Азаттық тілшісі сот залынан хабарлады.
Сот үкіміне сай, 1995 жылы Қазығұрт ауданында туған Аида Амангелді жазасын қауіпсіздігі орташа деңгейдегі түзеу мекемесінде өтейді. Сотталушы үкімге апелляциялық шағым түсірмейтінін айтты.
Аида Амангелді – 2015 жылы алты баласымен Сирияға кеткен Марат Мәуленовтың қызы. Бұрын сотталмаған. 27 қыркүйекте өткен сот тергеуінде судья Гүлмира Рахымбаева куәгерлердің жауабын және "Аида Амангелдінің Сириядан жолдаған хатына" сарапшылар жасаған қорытындыны оқып берген. Судья отырыс кезінде айыпталушы мен жәбірленушілердің (айыптау актісіне сай, Аида Амангелді жәбірленушілерге хат жіберіп қорқытқан) татуласқанын да хабарлады.
Прокурор Ерсін Алтаев айыпталушы Аида Амангелдіден "Тағылған айыптарды мойындайсыз ба және істеген ісіңізге өкінесіз бе?" деп сұрағанда ол ойланып тұрып "айыпты мойындаймын, істеген ісіме өкінемін, кешірім беруіңізді сұраймын" деп жауап берді. Содан кейін соттан прокурормен процестік келісім жасағысы келетінін айтқан. 4 қыркүйек күнгі сот отырысында прокурор заң талабына сай процестік келісімге келе алмайтынын мәлімдеді. Судья жарыссөзге көшкенде прокурор айыпталушының қылмысы "сот тергеуінде толық дәлелденгенін", Сирияда жүріп "телекоммуникация желілерін пайдаланып терроризмді насихаттағанын", Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкері мен ауыл имамын қорқытқанын айтты. Прокурор айыпталушыға бес жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұраған.
Аида Амангелді жарыссөзде "Қорқыту", "Құқық қорғау органы, арнаулы мемлекеттік орган қызметкерінің, әскеридің өміріне қол сұғушылық" баптарымен тағылған айыппен келіспейтінін мәлімдеді. "Терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру" бабымен жасаған қылмысына өкінетінін, енді қайталамайтынын айтып, жазасын жеңілдетуді өтінді. Айыпталушының қорғаушысы Мұсабек Байжарқынов Аида Амангелді Сирияға әкесі Марат Мәуленов пен ағасы Нұрдәулет Амангелдінің ықпалымен кеткенін, шын өкінетінін ескеруді өтінді. Ал Аиданың қоғамдық қорғаушы әрі шешесі Айгүл Нысанбаева судьядан қызының денсаулығы жоқ екенін ескеріп, жазасын жеңілдетуді сұрады.
Аида Амангелдінің анасы Айгүл Нысанбаеваның Азаттыққа айтуынша, 2015 жылы күйеуі Марат Мәуленовке ілесіп алты баласымен бірге Түркия арқылы Сирияға өтіп кеткен. Күйеуі мен үлкен ұлы Сириядағы соғыста қайтыс болған. Нысанбаева қалған бес баласымен бірге 2019 жылы мамыр айында "Жусан" операциясы аясында Қазақстанға жеткізілген.
Оның 2001 жылы туған ұлы Диас Амангелдіні Түркістан облыстық кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Қылмыстық кодекстің "терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру" бабымен алты жылға соттаған. Ал 1997 жылы туған тағы бір ұлы Абзал Амангелді Нұр-Сұлтан қаласында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеуінде қамауда отыр. Айгүл Нысанбаева қазір Түркістан облысында 5 және 9 жасар ұлдарымен бірге тұрып жатыр. Қазақстанда оған ешқандай айып тағылмаған.
ПІКІРЛЕР