Accessibility links

Якутияда "Путинді Кремльден аластамақ болған" бақсыны қолдау акциясы өтті


Александр Габышев.
Александр Габышев.

5 қазанда Якутия қаласында 200 шақты адам бақсы Александр Габышевті қолдап, акция өткізді. Акцияны өткізуге билік рұқсат берген, сондықтан пикет бейбіт өтті. Александр Габышев - "Кремльден Путинді аластау" мақсатымен жолға шығып, Иркутск облысында қамауға алынған Якутия тұрғыны.

Акцияға қатысқан азаматтар Габышевтің қудалануын айыптап, оның үстінен қылмыстық іс қозғау дұрыс емес екенін айтты. Бақсының "ақыл-есі дұрыс емес" деп тұжырым жасаған медициналық сараптама қорытындысымен де келіспейтіндіктерін жеткізді.

Күн суық болса да, наразылар "Мен/Біз бақсымыз", "Жазалау медицинасы жойылсын!" деген жазуы бар плакаттарды ұстап, екі сағат тұрды. Олар Конституцияға сәйкес, Габышевтің наным-сенім таңдау, саяси-экономикалық жағдай туралы пікірін білдіруге құқығы бар екенін айтты.

- Бүгін күн суық, қар жауды. Мұндай кезде 20-30 адам шығатын шығар деп ойлағанмын. Бірақ шамамен 200 адам келді. Бірі келіп-кетіп жатты. Акцияны ұйымдастырған адам ретінде шара ойдағыдай өтті деп ойлаймын. Қанша адамның жиналғанын бақсыны қолдау хатына қол қойғандар санынан да көруге болады. Жұрт билік пен құқық қорғау органдарының қуғындауына алаңдап отыр, - деді белсенді Мыраан "Сибирь.Реалии" сайтына.

Ол жақын арада бұдан да ірілеу митингі өткізуге өтініш бермек. Бірақ рұқсат алу оңай бола қоймас деп топшылайды. Себебі соңғы рет акция өткізу үшін рұқсат сұраған кезде жергілікті билік "ұзақ ойланып" жауап берген. Митингіні қала сыртында өткізуге де кеңес берген.

Аймақтық ішкі істер министрлігі акцияда ешкім ұсталмағанын хабарлады. Ресми дерек бойынша, пикетке 45 адам қатысқан.

Саха бақсысы Александр Габышев наурыз айында "Путинді Кремльден аластау үшін" Мәскеуге жаяу шыққан еді. Оны полиция Бурятия мен Иркутск облысы шекарасының маңынан 19 қыркүйекте алып кеткен.

20 қыркүйекте Якутск қаласына әкеліп, психиатриялық тексеруге жіберді. Психологиялық-психиатриялық сараптама қазан айының басында саха бақсысы Александр Габышевтің "ақыл-есі дұрыс емес" деген қорытынды шығарды.

Оның үстінен "экстремизм" бабымен қылмыстық іс қозғап, ешқайда кетпейтіні жөнінде қолхат алды. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков саха бақсысының ұсталуына "Кремльдің еш қатысы жоғын" айтты.

Габышевтің "Кремльге жорығын" жалғастырмақ болған жақтастары 25 қыркүйекте "ФСБ-дан қысым көргенін" айтып, отрядты таратып, сапарды аяқтауға мәжбүр болғанын хабарлады.

Amnesty International адам құқығын қорғау ұйымы Александр Габышевті "ар-ұждан тұтқыны" деп атап, Ресей билігін саха бақсысын босатуға шақырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG