Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған қараша айында Вашингтонда АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесіп, Сирияның солтүстігінде "қауіпсіз аймақ" құру мәселесін талқылауды көздеп отыр.
"Мұндай ақпарат Түркия президентінің сайтында жексенбі, 6 қыркүйекте Трамп пен Ердоғанның телефон әңгімесінен кейін жарияланды" деп хабарлайды Reuters жаңалықтар агенттігі.
"Қауіпсіз аймақ" Сириядағы Евфрат өзенінің шығыс жағында құрылуы мүмкін. Сирияда 2011 жылдан бері азаматтық соғыс барысында жүздеген мың адам өліп, миллиондаған адам босып кеткен.
Түркия президентінің сайтында жарияланған мәліметке қарағанда, Ердоған мен Трамптың әңгімесінен бір күн бұрын Түркия Сирияның солтүстік шығысында АҚШ қолдап отырған күрд көтерілісші жасақтар тарапынан төнген қауіпті сейілту үшін әскери қимылға баруы мүмкін екенін мәлімдеген. Күрд жасақтарын Анкара террористер деп бағалайды.
Түркия презиентінің сайтында жарияланған мәлімдемеде Ердоған "қауіпсіз аймақ құру жайлы тамыз айында жасалған келісімді орындауға АҚШ-тың әскери адамдары мен қауіпсіздік органдарының қызметкерлерінің ықылассыздығы байқалып тұрғанына" ренішін білдірген.
Reuters жазған ақпаратқа қарағанда, Трамп әкімшілігі Түркия мәлімдемелеріне пікір білдірмеген.
Ердоған өткен айда Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас ассамблеясының сессиясына қатысты. Сессия барысында Трампен кездесуі мүмкін деп болжам айтылғанымен, кездеспеген.
ПІКІРЛЕР