Accessibility links

New York Times-та саха бақсысы Габышев жайлы мақала жарық көрді


Саха бақсысы Александр Габышев.
Саха бақсысы Александр Габышев.

Америкалық New York Times басылымының алғашқы бетінде саха бақсысы Александр Габышев жайлы мақала жарық көрді. Александр Габышев - "Кремльден Путинді аластау" мақсатымен жолға шығып, Иркутск облысында қамауға алынған Якутия тұрғыны. Мақала авторы Ресейде наразылық көңіл-күй артқанын, президент беделі түсіп бара жатқанын жазды.

Осы аптада Youtube желісінде бақсының Путинге арнап жазған видеомәлімдемесі пайда болды. Онда Габышев полицейлер өзін ұстап әкеткен жерден (Бурятия мен Иркутскі облысының шекарасы) "Кремльге жорығын" жалғастыратынын айтқан. Ол бейбіт түрде "жорық" жасайтынын айтып, "Путиннің бір тал шашы түспейді, бір тамшы қаны төгілмейді" деген. Габышев жақтастарын кек алмауға, кешірімді болуға шақырған.

Саха бақсысы Александр Габышев наурыз айында "Путинді Кремльден аластау үшін" Мәскеуге жаяу шыққан еді. Оны полиция Бурятия мен Иркутск облысы шекарасының маңынан 19 қыркүйекте алып кеткен.

20 қыркүйекте Якутск қаласына әкеліп, психиатриялық тексеруге жіберді. Психологиялық-психиатриялық сараптама қазан айының басында саха бақсысы Александр Габышевтің "ақыл-есі дұрыс емес" деген қорытынды шығарды.

Оның үстінен "экстремизм" бабымен қылмыстық іс қозғап, ешқайда кетпейтіні жөнінде қолхат алды. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков саха бақсысының ұсталуына "Кремльдің еш қатысы жоғын" айтты.

Габышевтің "Кремльге жорығын" жалғастырмақ болған жақтастары 25 қыркүйекте "ФСБ-дан қысым көргенін" айтып, отрядты таратып, сапарды аяқтауға мәжбүр болғанын хабарлады.

Amnesty International адам құқығын қорғау ұйымы Александр Габышевті "ар-ұждан тұтқыны" деп атап, Ресей билігін саха бақсысын босатуға шақырған

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG