Ақтөбедегі Қытайдың "Восток нефть и сервисное обслуживание" компаниясындағы қазақстандық жұмысшылар жалақы өсіруді талап еткеннен кейін қалаға Пекиннен өкілдер келіп, 14 қазан күні жергілікті билікпен келіссөз жүргізуді бастады. Бұл туралы Азаттыққа Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов хабарлады.
- Пекиннен келген өкілдер сервистік қызмет көрсететін серіктестіктің табысы тапсырыс беруші компанияға яғни, "СНПС-Ақтөбемұнайгазға" тәуелді екенін айтып отыр. "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" компаниясы бұрғылаушы компанияға әр ұңғыма үшін беретін тарифтерін он жылдан бері өзгертпеген. Осы аралықта елде инфляция болды, көп нәрсе өзгерді. Біз кәсіпорындағы экономикалық қиындықтарды шешу үшін мәселені жүйелі түрде зерттеп, тарифтерді қайта қарауды ұсындық, - дейді Қайрат Бекенов.
Қайрат Бекеновтің сөзінше, Пекиннен келген делегация компанияның есеп-қисабымен танысқаннан кейін жалақыға қатысты шешімдерін жариялауы тиіс. Азаттық тілшісі "Восток нефть и сервисное обслуживание" компаниясының бас директоры Чжан Баоцзюньмен байланыса алмады.
"Восток нефть и сервисное обслуживание" компаниясы қазақстандық жұмысшылары 11 қазанда жалақыларын 50 пайызға өсіруді талап еткен еді. Олар компанияның жалақыны 20 пайызға өсіреміз дегеніне көнбейді.
Ақтөбе облысы әкімдігінің дерегінше, "Восток нефть и сервисное обслуживание" - 100 пайыз акциясы Қытайдың Xibu (Сибу) корпорациясына тиесілі компания. "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" компаниясының тапсырысымен Ақтөбе облысындағы мұнай кеніштерін бұрғылайтын жұмыс істейді. Әкімдіктің мәліметінше, компаниядағы 1200 адамның он пайызы - Қытайдан келген маман.
Жалақының аздығына шағынып, наразылық білдірушілер арасында Қытай жұмысшылары жоқ.
ПІКІРЛЕР