Accessibility links

Борис Джонсон Еуропа одағының Ирландия шекарасы жайлы шартына көнді


Британия премьер-министрі Борис Джонсон
Британия премьер-министрі Борис Джонсон

Ирландия шекарасының мәртебесі жайлы Еуропа одағының талабына көнген британ премьері Борис Джонсон Брекзит шарты бойынша келісімге келуге жақын.

Келісім жобасының мәтіні, егер Джонсон кеңсесі рұқсат берсе, сәрсенбіде жариялануы мүмкін. Бұл ақпаратты Еуропа одағының жоғары лауазымды қызметкерлері мен британ дереккөздеріне сілтей отырып Reuters жариялады.

Әзірге белгілі мәліметтерге қарағанда, келіссөзге қатысушылар Ирландия теңізінде шекаралық кеден қызметін құру жөнінде келісімге келген. Шекара мәселесін шешуге арналған мұндай нұсқа бұрын Тереза Мейге де ұсынылған, бірақ ол "Британияның бірде-бір премьері мұндай ұсынысқа келіспейді" деп бас тартқан. Мұны Guardian газеті жазды.

Бұған дейінгі хабарларда Еуропа одағы Брекзит туралы келісім бойынша жұмысты аяқтау үшін Ұлыбританияға сейсенбінің соңына дейін уақыт бергені хабарланған. Келісім мәтіні осы аптада өтетін Еуропа одағы саммитіне қатысушыларға таныстырылады. Брюссель 31 қазанға белгіленген «ажырау» мерзімі кейінге қалуы ықтимал деп болжайды. Келіссөздердің тұйыққа тірелу мүмкіндігін де жоққа шығармайды.

Келісімді қарау мерзімі мейлінше тақағанда Франция президенті Эммануэль Макрон британ премьері Борис Джонсонмен, Еуропа одағының Брекзит бойынша делегациясының жетекшісі Мишель Барньемен әңгімелесті және Еуропа одағының қалған 27 мемлекетінің басшыларын Брекзит келісімінің барысы жайлы құлағдар етті. Брекзит туралы келісімге келу үшін техникалық келіссөздер жүріп жатыр.

Брекзит келісімінде сұрақ тудырып отырған ең басты мәселе Еуропа одағының мүшесі Ирландия мен Британия провинциясы Солтүстік Ирландия арасындағы шекара болып тұр. Шекаралық бақылау инфрақұрылымын құрмай-ақ шекараны Еуропа одағының бірыңғай экономикалық кеңістігіне кіріп кетуге болатын жолға айналдырудан қалай сақтап қалуға болады? Брекзит туралы референдумнан соң үш жыл өтсе де келіссөзге қатысушылар осындай мәселеге бас қатырып келеді.

Reuters cілтеме жасаған сарапшылар пікіріне қарағанда, мұндай инфрақұрылым ондаған жылға созылған тартысты тоқтатқан 1998 жылғы бейбіт келісімге нұқсан келтіреді. Мишель Барнье қандай да бір қиындықтарға қарамастан осы аптаның соңына дейін келісім қабылданып қалуы ықтимал деп мәлімдеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG