Бүгін, 16 қазанда адам құқығы бойынша халықаралық бюроның Алматыдағы мәслихат залынан тікелей эфирге шыққан қоғам белсендісі Жанболат Мамай жаңа саяси партия құрылатынын мәлімдеді.
Жанболат Мамайдың айтуынша, "қазіргі уақытта Қазақстанның саяси кеңістігінде шынайы өзгерістерді қалайтын және оппозициялық бағыттағы саяси партия жоқ".
- Биліктің рұқсатынсыз саяси партия құру оңай емес екенін, тіпті қуғын-сүргін жасайтынын да білеміз, оған қарамастан жаңа саяси күшке айналуға дайынбыз, - деді ол.
Жанболат Мамайдың сөзінше, қазір он адамнан тұратын бастамашыл топ бар, ал партияның негізгі платформасы партияға кіруге ықылас білдірген белсенділермен ақылдасу барысында нақтыланады, таяуда партияның құрылтай съезі өтеді. Белсенді Қазақстанға "бірінші кезекте шынайы саяси реформа керек, саяси партиялар туралы заң қайта қаралып, саяси тұтқындар шұғыл босатылуы тиіс" деп санайды.
Жанболат Мамай, саясаткер Төлеген Жүкеев отырған залға скайп арқылы қосылған Сергей Дуванов "қазіргі жағдайда билікке араласудың легитимді жолы - саяси партия құру" екенін айтты. Оның сөзінше, "Қазақстанда оппозициялық партия құру үшін кем дегенде 40 мың адамның қолын жинау керек. Бірақ ол қиын емес, оны тіркеуден өткізу қиын".
- Тіркей ме, жоқ па, екінші мәселе. Біріншіден тіркеу процедурасының өзі маңызды. Егер жаңа саяси партияны тіркемейтін болса, биліктің демократияға қарай қадам басуға құлқы жоқ екені, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформа туралы айтқандарының жай сөз екені белгілі болады. Онда билік біржола сенімнен айырылады, - деді ол.
Бұрын Қазақстан қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары, хатшысы, Қазақстанның Ирандағы елшісі қызметін атқарған оппозициядағы саясаткер Төлеген Жүкеев "жастардың саяси партия құрып, авторитарлы жүйені өзгертуге кіріскенін" қолдайтынын айтты.
Өзі де партия жұмысына араласқалы отырғанын аңғартқан ол тікелей эфирден қойылған сұрақтардың біріне "өткен сайлаудағы саяси сатқындықты қайталамаймыз» деп жауап берді.
Қазір Қазақстанда мемлекеттік тіркеуде 7 партия бар. Оның үшеуі - "Нұр Отан", "Ақ жол", және Коммунистік халықтық партияның Қазақстан парламентінде фракциялары жұмыс істейді. Көп жыл Жармахан Тұяқбай жетекшілік етіп, биыл көктемнен бері басшылығы екі рет өзгерген Жалпы ұлттық социал демократиялық партия соңғы жылдары "тіркеуде тұрған жалғыз оппозициялық партия" саналып келген. Партия ішіндегі соңғы өзгерістерден кейін оппозициялық белсенділер мен партия мүшелері арасында "ЖСДП оппозициялық партия ма, жоқ па?" деген дау туған.
Бұрын тәуелсіз "Трибуна" газетін басқарған журналист, қоғам белсендісі Жанболат Мамай "Мұхтар Аблязовтан қаржы алды" деп айыпталып, шартты жазамен босатылған. Жанболат Мамай өзіне тағылған айыпты мойындамаған. Биыл жазда жалпы ұлттық социал демократиялық партия жетекшісі Ермұрат Бапи осы партияның басшылығына Жанболат Мамайды ұсынғысы келгенін хабарлаған болатын. Алайда, жалпы ұлттық социал демократиялық партия съезінде Ермұрат Бапи көпшілік дауыспен қызметінен алынып, орнына партия төрағасының орынбасары Асхат Рахымжанов сайланған.
ПІКІРЛЕР