Accessibility links

"Тыйым салынған ұйым жұмысына араласты" деп айыпталған алматылықтың соты басталды


Бекжон Шалабаев (ортада) пен жақындары сот алдында тұр. Алматы, 17 қазан 2019 жыл.
Бекжон Шалабаев (ортада) пен жақындары сот алдында тұр. Алматы, 17 қазан 2019 жыл.

Алматы қаласы Алатау аудандық сотында «терроризмді насихаттады» және «Қазақстанда тыйым салынған ұйымның ісіне араласты» деп айыпталған 42 жастағы Бекжон Шалабаевтың соты басталды. Бірінші топ мүгедегі Шалабаев «Хизб ут-Тахрир» ұйымының жұмысына араласты деп айыпталған. Ол ешқайда кетпеу туралы қолхатпен бостандықта жүр.

Прокурор Жандос Сауырбаев 17 қазанда айыптау актісін оқыды. Мемлекеттік айыптаушының сөзінше, Шалабаев Facebook әлеуметтік желісі мен WhatsApp мессенджері арқылы терроризмді насихаттаған. Ал айыпталушы Шалабаев «терроризмді насихаттады» деген айыппен келіспейтінін, бірақ «Хизб ут-Тахрир» ұйымына мүше екенін айтты. Ол «бұл ұйымға мүше болуды қылмыс деп санамайды».

Осыдан кейін сотта куәгерлер сөз алды. Айыпталушының туысқан ағасы Қуат Дүйсенбаев және әйелі Садакат Шалабаева жақынына қарсы куәгер болмау құқығын пайдаланды.

Тағы бір куәгер Азамат Таубеков Шалабаевқа материальдық жағынан көмектескенін айтты. Ол судьяның «Шалабаев «Хизб ут-Тахрир» ұйымына мүше ме?» және «Сіздер осы ұйым туралы сөйлестіңіздер ме?» деген сауалына «жоқ» деп жауап берді.

Осыдан кейін судья сотта үзіліс жариялады. Келесі отырыс 30 қазанға жоспарланған.

Этникалық қазақ Бекжон Шалабаев 1977 жылы Өзбекстанда көп балалы отбасында туған. 2007 жылы ата-анасымен Қазақстанға көшіп келген. Екі бүйрегі жұмыс істемейді, аптасына үш рет гемодиализ процедурасын қабылдайды.

Шалабаев отбасылы, төрт баласы бар. Үшеуі – кәмелет жасына толмаған. Әйелі Садакат Шалабаева жұмыс істемейді, науқас күйеуіне қарайды.

Қазақстанда «Хизб ут-Тахрир» ұйымы «діни экстремистік топ» деп танылған. Бұл ұйым Еуропаның кейбір елдерінде заң жүзінде жұмыс істейді.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG