Лондон соты "полицейге шабуыл жасады" деп айыпталған Қазақстанның бұрынғы президентінің жиені Айсұлтан Назарбаевты бір жыл шартты жазаға кесті деп хабарлады 18 қазанда BBC арнасы.
Сот оған 18 ай сынақ мерзімін берген: егер бұл уақыт аралығында заң бұзса, шартты жаза түрме жазасына айналмақ. Сот үкіміне сәйкес, ол 140 сағат қоғамдық жұмыс істеуі тиіс, есірткіге тәуелділіктен арылу бойынша 20 сессияға қатысуға міндетті. Бұған қоса, сот оны мың фунт көлемінде (шамамен 1100 доллар) айыппұл төлеп, 5000 фунт көлемінде шығынды өтеуге міндеттеді.
Маусым айында Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені, Дариға Назарбаеваның ұлы Айсұлтан Назарбаев Лондонда есірткінің күшімен полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсетіп, олардың бірін тістеп алды деп айыпталған еді. Тергеу орындарының дерегінше, полицейдің қолында кәдімгідей із қалып, қан аққан.
Оқи отырыңыз: Сот Айсұлтан Назарбаевты кепілмен босатып, ауруханаға жіберді
Назарбаев есірткіден емделген Priory емханасының дерегіне сәйкес, науқас дәрігерлердің нұсқаулығын мұқият орындап, емдеу кезінде одан ілгерілеушілік байқалған. Судья соны ескеріп, оның түрмеден гөрі бостандықта жүріп емделгені дұрыс болады деп үкім шығарған. Назарбаевтың адвокатының айтуынша, экс-президенттің жиені "сот үкімін естіген соң ауыр жүк мойнынан түскендей сезінген". Назарбаевтың өзі BBC-ге түсініктеме беруден бас тартқан.
Айсұлтан Назарбаев – Дариға Назарбаева мен Австрия түрмелерінің бірінде көз жұмған Рахат Әлиевтің ұлы. Ол - Ұлыбритания королдігінің "Сандхерст" әскери академиясының түлегі. Айсұлтан Назарбаев оқуын бітіріп, Қазақстанға оралған соң елдің қорғаныс министрлігінің барлау басқармасында қызмет еткен. 2017 жылы жеті айдай Қазақстан футбол федерациясының вице-президенті қызметін атқарған. Соңғы бір жарым жылдай ол жұрт назарына шықпай кеткен.
Қазақстанды отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев биыл наурыз айында отставкаға кеткенмен қолында біраз билікті сақтап қалды. Назарбаевтың заңмен бекітілген “елбасы” мәртебесі бар. Оған сәйкес, Назарбаев пен оның отбасы қандай да бір қылмыстық я әкімшілік жауапқа тартылмайды.
Назарбаев отбасы Айсұлтанның ісіне байланысты түсініктеме берген жоқ.
ПІКІРЛЕР