Accessibility links

«Қорғас ісімен» көп жылға сотталған ҰҚК қызметкері мен кеден басшысы босады


Қорғас ісіне қатысты алдын ала тыңдаулар өткен СИ 18 мекемесі әкімшілік ғимаратының алдында тұрған көліктер. Алматы, 29 мамыр 2013 жыл.
Қорғас ісіне қатысты алдын ала тыңдаулар өткен СИ 18 мекемесі әкімшілік ғимаратының алдында тұрған көліктер. Алматы, 29 мамыр 2013 жыл.

"Қорғас ісіндегі" негізгі айыпталушылардың бірі болған ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы қызметкері Талғат Жақаев пен Алматы облысы кеден қызметінің бұрынғы басшысы Құрманбек Артықбаев бостандыққа шықты. Олардың өтелмеген жазасын айыппұлға ауыстырды.

Қазақстанның бірнеше ақпарат құралында жарияланған бұл мәліметті Азаттыққа Шығыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі растады.

Қазақстанның қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық әскери соты "Қорғас ісі" бойынша айыптау үкімін 2014 жылы 12 сәуірде шығарған.

Сот айыптауы бойынша, "Қорғас" кеден бекетіндегі алаяқ әрекеттерді ұлттық қауіпсіздік комитетінің жоғары лауазымды тұлғалары жасырып келген. Өзге де дауазымды тұлғалармен қатар, ҰҚК полковнигі Талғат Жақаев 17 жылға, Алматы облысының кедендік бақылау департаментінің бұрынғы бастығы Құрманбек Артықбаев 14 жылға бостандығынан айырылған.

2011 жылы Қазақстанның сол кездегі экономикалық және жемқорлық қылмыспен күрес агенттігі Алматы облысындағы "Қорғас" және "Қалжат" кеден бекеті мен "Алатау" техникалық қызмет көрсету орталығын тексеріп, 100-ге жуық адамнан тұратын қылмыстық топ әшкереленгенін жариялаған. "Қорғас ісі" деректеріне қарағанда, сотталғандар Қытай шекарасынан контрабандалық тауар өткізумен бірнеше жыл айналысып келген. Тауарларды Қазақстан және Қырғызстан базарларына жіберген.

"Қорғас" – Қазақстан мен Қытай шекарасындағы негізгі кеден бекеттерінің бірі. Қазақстан, Қырғызстан және Ресейге Қытайдан жеткізілетін жүктің үлкен бөлігі осы бекет арқылы өтеді.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG