Британ полициясы Анлияның оңтүстік-шығысында жүк көліктен денесі табылған 39 адамның барлығы Қытай азаматы болғанын хабарлады. Олардың 31-і - ер адам, сегізі - әйел. Олардың неден өлгенін анықтау мақсатында сот-медициналық сараптамасы тағайындалды. "Адам өлтіру" бабы бойынша күдікке ілінген жүк көлік жүргізушісінің қамалу мерзімі бір тәулікке ұзартылды.
Полиция 23 қазанға қараған түні Эссекс графтығында үлкен контейнері бар жүк көлігінен 39 адамның денесін тапқан. Көп ұзамай жүргізуші 25 жастағы Мо Робинсон есімді Солтүстік Ирландия тұрғыны ұсталды. Полиция оның Солтүстік Ирландиядағы үйлерін де тінтіген.
Полицияның хабарлауынша, мәйіттер табылған контейнер Бельгияның Зебрюгге портынан келген. Жүк көлігі Болгарияда тіркелгенмен Ұлыбританияға Дублиннен жеткен. Зерттеуге Бельгия прокуратурасы да кірісті. Олар көлікке қатысы болуы мүмкін адамдарды іздеп жатыр.
BBC сайтының жазуынша, Мо Робинсонның жақындары "оқиғаны ақпарат құралдарынан біліп, шок алған". Олар Робинсонның "оқиғаға қатысы жоқ болар" деп үміттенеді.
ПІКІРЛЕР