25 қазанда кешке қарай Шымкент қалалық мамандандырылған әкімшілік соты 5 қыркүйек күні Қытай зауыттарының салынуына қарсылық білдіріп, шеруге шыққан белсенді Нұржан Мұхамедовті әкімшілік жазаға тарту мәселесін қарамақ болған. Сот басталмай тұрып Нұржан Мұхамедов пен оның адвокаты полицияның хаттаманы алып келмеуіне байланысты сотқа қатыспайтынын айтып кетпек болды. Алайда полиция белсенді мен оның адвокатын олардың уәждеріне қарамастан күштеп сотқа кіргізді.
Оқиға орнында болған Азаттық тілшісінің хабарлауынша, полиция белсендіні сот залына сүйреп, күшпен кіргізген. Сот отырысында белсенді өзін нашар сезініп, отыруға жарамай қалған. Бұдан соң жедел жәрдем көлігі шақыртылып, белсендіге алғашқы медициналық көмек берілді. Судья дәрігерлерден "жауапкер 15-20 минут сот залында отыра ала ма?" деп сұраған кезде дәрігерлер оның сот залында қалуына болмайды деп ауруханаға алып кетті.
Дәрігерлердің болжамынша, Мұхамедовтің иығы не белі сынған болуы мүмкін. Оның ісі кейінге қалды.
Бұл оқиғаның алдында бірнеше сағат бұрын Шымкент қалалық мамандандырылған әкімшілік соты қыркүйек айының басында "Қытай экспансиясына қарсы" митингіге қатысқан белсенді Жанмұрат Аштаевты бес тәулікке қамаған. Жергілікті белсенділер шамамен бір жарым айдан астам уақыттан кейін оларға хаттама толтырылуының себебін түсінбейді. Бұған дейін "Қытайға қарсы" митингіге қатысқан үш белсендіге 50500 теңге (шамамен 130 доллар) көлемінде айыппұл салынған еді.
2-3 қыркүйекте Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында жергілікті тұрғындар "Қытай жобаларына" қарсылық акциясын өткізді. Кейін Алматы, Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Семей, Шымкент және тағы басқа қалаларда жаңаөзендіктер талабын қолдаған акциялар өтті. Полиция бастапқыда акцияға қатысқандарды ұстамаса да, кейінірек олардың басым бөлігіне айыппұл салып, қамады.
ПІКІРЛЕР