Маңғыстау облысында Солтүстік Бозащы кенішін игерумен айналысатын Buzachi Operating Ltd компаниясының 180 жұмысшысы 31 қазанда жалақыларын 100 мың теңгеге (шамамен 257 доллар) өсіруді талап етті.
Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз хатшысы Самат Сүлейдің айтуынша, 31 қазанда жұмысшылар жұмыс беруші компания өкілдерімен кездескен. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз хатшысы Александр Кононецтің хабарлауынша, бұл "жоспарлы" кездесу болған.
"Жиналыс кезінде жұмысшылар жалақыларын 100 мың теңгеге өсіруді талап етті" деді Кононец.
Жұмыс беруші компания өкілдері жұмысшыларға "бұл мәселе акционерлермен кездесу кезінде қарастырылады" деп айтқан. Жергілікті әкімдік пен министрлік кеніште жұмыс тоқтамағанын айтады. Министрлік өкілінің айтуынша, жиналыс бір сағатқа созылған.
"Түскі үзілістен кейін жұмысшылар жұмысқа кірісті" деді Александр Кононец.
Бейсенбі, 31 қазанда интернетте тараған видеодан кездесуге көп жұмысшының қатысқаны көрінеді. Видеода бір адам шетелдік жұмыс берушілердің жұмысшылар талабын орындамай отырғанын айтады.
Азаттық тілшісі Buzachi Operating Ltd компаниясына хабарласқанмен жауап ала алмады. Көрші "Қаражанбас" мұнай кенішінде істейтін аты-жөнін атамаған қызметкер Азаттыққа ереуілге Buzachi Operating Ltd бөлімшесі жұмысшыларының басым бөлігі қатысқанын, тек инженер-техник мамандар қалыс қалғанын айтты.
Солтүстік Бозащы кенішін игерумен айналысатын Buzachi Operating Ltd компаниясының акциясы қытайлық CNPC және Sinopec компанияларына тиесілі. Кеніш Маңғыстау облысының орталығы Ақтау қаласының солтүстік-шығысына қарай 250 шақырым жерде орналасқан.
Соңғы бірнеше айда Қазақстанның мұнайлы батыс аймағында бірнеше ереуіл болған, кейбірінде жұмысшылар мен жұмыс берушілер келісімге келе алған.
Маңғыстау облысында Қарақұдықмұнай және Солтүстік Бозащы кеніштеріндегі ұңғымаларды жөндеумен айналысатын халықаралық "СИНОПЭК Қазақстан" мұнай сервистік компаниясының Ақтау бөлімшесінің ондаған жұмысшысы 24 қыркүйекте жалақыларын жүз пайызға көбейтуді талап еткен.
20 қыркүйекте Маңғыстау облысы Қаражанбас кенішінде "Мобил сервис групп" компаниясының 160-тан астам жұмысшысы жалақыларын кемінде екі есеге көбейтуді талап етіп, жұмысын тоқтатқан.
Қазан айында Ақтөбеде "Восток нефть и сервисное обслуживание" компаниясы бірнеше аптаға созылған жұмысшылар наразылығынан кейін кәсіпорында ең ауыр жұмыс істейтін жергілікті жұмысшылардың жалақыларын өсіруге келіскен.
ПІКІРЛЕР