"Зеленое спасение" экология қауымдастығы билікті Көкжайлау шатқалын Іле Алатауы паркінің құрамына қайтаруға шақырды. Қарашаның 4-іне жарияланған мәлімдемесінде бұл ұйым Көкжайлау шатқалы бұрынғыша Алматы қаласы Медеу ауданының құрылыс пен тау-шаңғы курортына арналған жер қорында тұрғанын айтады. Эко белсенділер бұл жайт шатқал аумағын қала әкімдігінің өз қалауымен пайдалана беруіне мүмкіндік береді деп санайды.
"Зеленое спасение" мәлімдемесінде үкіметтің Көкжайлауды ерекше қорғалатын аумақ санатынан шығару туралы 2014 жылы шығарған қаулысы мен Көкжайлауға қатысы бар басқа да қаулыларының күшін жою керек деп есептейді.
Белсенділер шатқал аумағындағы құрылыстарды бұзуға, автокөлік қозғалысына тыйым салуға шақырады.
Қазан айының соңында Алматыға жұмыс сапарымен келген президент Қасым-Жомарт Тоқаев Көкжайлауға салынатын тау шаңғысы курортының жобасын тоқтату қажеттігін айтқан. Оның "Бұл мәселеге қайта-қайта орала бермес үшін бүгін біржола тыйым салдым. Көкжайлау тау-шаңғысы курортына қажеттілік жоқ" деген сөзі баспасөзде жарияланды.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 29 қазанда Алматы қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған отырыста бұрын заңсыз берілген жерлерді Іле Алатауы ұлттық паркіне қайтару қажеттігін де мәлімдеген еді.
ПІКІРЛЕР