Түркия әскери қызметкерлері жақында өлтірілген "Ислам мемлекеті" террор ұйымының жетекшісі Әбу Бәкір әл-Бағдадидің бір әйелін қолға түсірді. Бұл ақпаратты Түркия президенті Режеп Ердоған мәлімдеді. 6 қарашада Анкара университетінде сөйлеген ол операцияның жай-жапсарын айтпады.
"Біз оның әйелін ұстадық, бірақ шу көтерген жоқпыз. Сирия аумағында одан бөлек оның әпкесі мен күйеу баласы ұсталды" деді Ердоған. Ол әл-Бағдадидің әйелін әскерилер қашан қолға түсіргенін де айтпады.
Әбу Бәкір әл-Бағдадидің қанша әйелі болғаны әзірге белгісіз. AP агенттігінің жазуынша, оның төрт әйелі болған. Ирактағы құпия дереккөзге сүйенген Reuters агенттігі оның үш әйелі болғанын айтады.
5 қарашада түрік әскерилері әл-Бағдадидің әпкесін қолға түсіргенін айтқан. Расмия Авад Сирияның солтүстік-батысында жасырынған. Онымен бірге оның күйеуі, келіні, бес баласы қамауға алынған.
"Ислам мемлекеті" террор ұйымының басшысы Әбу Бәкір әл - Бағдади өткен айда АҚШ әскерінің арнайы операциясы барысында өзін-өзі жарып жіберген. Осы рейд кезінде "Ислам мемлекеті" туралы маңызды ақпараттары болуы мүмкін құжаттар табылған.
ПІКІРЛЕР