Accessibility links

"Митинг" алдында бірқатар белсенділердің ұсталып, ескерту жасалғаны хабарланды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

9 қарашада Алматы мен Нұр-Сұлтанда Oyan, Qazaqstan және "Республика" қозғалыстарының митингісі басталар алдында полицияның бірқатар белсенділерді ұстап, кейбіріне ескерту жасағаны туралы хабар тарады. Белсенді Сақып Жаңабаева түстен кейін сағат 15:50 шамасында Азаттық тілшісіне Алмалы аудандық полиция бөлімшесінде отырғанын, полицияның өзін жібермей отырғанын айтты.

- Сағат 12:30 шамасында дүкеннен сүт алып, үйіме бара жатқан едім. Үйімнің сыртында екі полицей қызметкер күтіп тұр екен. "Бастық сізді шақырып жатыр" деп алып кетті. Аты-жөндерін айтқан жоқ. Мұнда менен ДВК жайлы сұрады. "Осы уақытқа дейін 23 рет мені ұстап, 23 рет осыны сұрады, оған қатысым жоқ" дедім. Енді мені жіберу үшін бастықтың қолы керек, соны күтіп отырмын, - деді Сақып Жаңабаева.

Азаттық тілшісі Алмалы аудандық полиция бөлімшесіне хабарласқанмен жауап ала алмады.

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Facebook желісінде белсенді Асхат Жексебаевты полицияның Әуезов аудандық полиция бөлімшесіне алып кеткенін хабарлады.

Qaharman құқық қорғау тобы Нұр-Сұлтанда белсенді Әлия Ізбасарованы полицияның жұмыс орнынан ұстап әкеткенін айтты.

Бұған қоса, әлеуметтік желіде Алматыда Құрманғазы Найзабек, Мұхаммед Құдысұлы есімді азаматтардың ұсталғаны, Нұр-Сұлтанда Салтанат Барықбаева, Асқар Қайырбекке полицияның ескерту жасағаны туралы ақпарат шықты.

Астаналық белсенді Бибігүл Тяұқова Facebook желісінде көлігінде полиция қызметкерінің отырғанын хабарлап, тікелей эфир жасамақ болған еді, бірақ полиция қызметкері оның әрекетіне кедергі жасап, сәлден соң эфир өшіп қалды.

Азаттық тілшісі белсенділерге хабарласқан кезде кейбірінің телефоны сөніп тұрды, кейбірінің телефоны жауап бермеді. Полиция түсініктеме берген жоқ.

9 қарашада түстен кейін Алматы мен Нұр-Сұлтанда Oyan, Qazaqstan және "Республика" қозғалысының митингісі өтті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG