Accessibility links

Алматы облыстық қылмыстық атқару жүйесі Жанболат Мамайды түрмеге қамамайтынын хабарлады


Қарасай ауданы полиция басқармасының алдында тұрған Жанболат Мамай (оң жақта). 11 қараша 2019 жыл.
Қарасай ауданы полиция басқармасының алдында тұрған Жанболат Мамай (оң жақта). 11 қараша 2019 жыл.

Алматы облыстық қылмыстық атқару жүйесі пробациялық бақылауда жүрген Жанболат Мамайдың кездейсоқ тексерілгенін, оны түрмеге қамамайтынын хабарлады. Бұл ақпаратты Алматы облысы Қарасай ауданының полиция басқармасының алдында белсенді, журналист Жанболат Мамайдың өзі таратып, адвокаты Жанар Балғабаева растады.

Ақпаратқа қарағанда, Қарасай аудандық полиция басқармасында Алматы облыстық қылмыстық атқару жүйесі басшыларының бірі Жанболат Мамаймен кездесіп, ешқандай айып тағылмайтынын айтқан.

Бүгін таңертең Жанболат Мамай Алматы облыстық қылмыстық атқару жүйесі қызметкерлерінің шақыру қағазымен Қарасай ауданы полиция басқармасына барған. Оған бір топ белсенді қолдау көрсеткен.

Жанболат Мамайды қолдауға барған саясаткер Төлеген Жүкеевтің айтуынша, "Жанболатты сенбі, жексенбіде заңсыз тексеріп, полицияға шақыртуының саяси астары бар". Бірақ саяси дауға айналдырғысы келмегендіктен айып тағудан тартынғанға ұқсайды.

-Халықтың қазіргі көңіл күйін байқап, саяси дауға ұласып кетпесін деген жоғарғы жақтың саяси шешімі болуы керек. Әйтпесе полиция қызметкерлері Жанболатты кездейсоқ емес, арнайы іздеп барды,- дейді саясаткер Рысбек Сәрсенбай.

Жанболат Мамай 9 қарашада, сенбі күні Қарасай аудандық пробация қызметінің үш өкілі келіп, шақыру қағазын табыстағанын хабарлаған еді. Бұл туралы фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасы арқылы тікелей эфирде айтқан Жанболат Мамай "сенбі, жексенбі күндері пробация қызметкерлерінің тексеруі заңсыз екенін, бұл әрекетті өзіне жасалған саяси қысым деп бағалайтынын" мәлімдеп, ақпарат құралдары мен белсенділерді қолдауға шақырған.

-Пробация қызметінде 2017 жылдың 29 қыркүйегінен бастап бақылаудамын. Осы уақытқа дейін бірде бір рет күндіз тексерген емес. Заң бойынша, сағат оннан кейін тексереді. Сенбі күні, рұқсат етілмеген митингіні көруге кеткенімде тексергені, рұқсатсыз кетті деп айыптағасы келетіні саяси қысым деп білемін. Әлі де бірнеше ай пробация бақылауында болуым керек. Көктемде "Политон" клубын жүргізді деп ескерту берді. Енді тағы бір ескерту берсе, қайтадан түрмеге қамалуым мүмкін,- деген болатын.

Сол күні Жанболат Мамайдың әйелі, құқық қорғаушы Инга Иманбай әлеуметтік желіде жариялаған видеода "полицияның үш қызметкері сенбі күні түсте Жанболат Мамайды іздеп келіп, хаттама толтырғанын" көрсеткен. Видеода полиция қызметкерлерінің "Жанболат Мамай күндіз де пробация қызметінен сұрануы тиіс" дегені естіледі.

Жанболат Мамай таяуда "Қазақстанның демократиялық партиясын" құру туралы бастама көтерген. Осы мақсатта Қазақстанның облыстарын аралауға полицияның пробация қызметі рұқсат бермей отырғанын хабарлаған.

2017 жылы ақпанның 10-ы күні "Аблязовтың ақшасын газет шығару арқылы заңдастыруға қатысты" деген күдікпен Алматыда қамауға алынған Жанболат Мамай жеті айдан кейін, 7 қыркүйекте сот үкімімен бостандығы төрт жылға шектеліп, пробациялық бақылаумен босап шыққан. Заң бойынша, бостандығы шектелген адам пробация бақылау тәртібін сақтамаса, сот үкімімен белгіленген жазаның қалған мерзімін түрмеде өтеуі мүмкін.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG