ТАР ЗАЛДА БАСТАЛҒАН АПЕЛЛЯЦИЯ СОТЫ
Қарашаның 12-і күні Түркістан облыстық сотында "Сарыағаш инфо" газетінің редакторы, белсенді Амангелді Батырбековтің апелляциялық шағымы бойынша басталған отырысқа келген ондаған адам "Жала жабу" және "Қорлау" бабымен 2 жыл 3 айға сотталған журналисті бостандыққа шығаруды талап етті.
- Амангелді Батырбековтің сотталуы – Қазақстанды халықаралық аренада ұятқа қалдыратын тірлік. Егер Келес аудандық сотының үкімі күшінде қалса, елде сөз еркіндігі мен бостандығы шектелетінін көрсетеді. Біз Батырбековке шығарылған үкім түзетіліп, оның негізсіз қудалаудан қорықпай журналистік қызметін жалғастырғанын қалаймыз, - деді Қазақстанның сөз бостандығын қорғайтын "Әділ сөз" қорының президенті Тамара Калеева.
Батырбековтің үстінен сотқа жүгінген Келес ауданы білім бөлімінің басшысы Бақтияр Әбдиев апелляция сотына қатысқан жоқ. Қазақстанның бірнеше қаласынан осы сотқа арнайы келген ондаған адам 16 орындық залға сыймай қалды. Батырбековтің қоғамдық қорғаушысы әрі әйелі Гүлзада Баймұратова мен адвокаттары отырысқа сотталушының жақтастары мен журналистердің қатысуын қамтамасыз етуін сұрап, сотқа істі басқа кеңірек залда қарау туралы өтініш білдірді. Батырбеков қорғаушыларының айтқанымен келісті. Жәбірленушінің адвокаты Гүлжан Абдукаликова отырысқа журналистердің қатысуына қарсы болды.
Сот отырысты кең залда өткізуге және сотталушының жақтастары мен журналистердің процеске қатысуына рұқсат берді. Тек журналистердің фото мен видеоғы түсіру мәселесін қарашаның 15-і күні өтетін келесі отырыста талқылайтынын хабарлады.
Азаттық тілшісіне Амангелді Батырбеков өзін кінәлі санамайтынын айтты.
- Егер Қазақстанда қылмыстық кодекс жұмыс істесе, мен ақталамын, - деді ол.
Сотталушыны күзетшілер әкетіп бара жатқанда дәлізде тұрған оның жақтаушылары "Бостандық!" деп айқайлады.
ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕГІ ЖАЗБАДАН ШЫҚҚАН ДАУ
Қыркүйектің 23-іне Сарыағаш аудандық соты жергілікті "Сарыағаш инфо" газетінің редакторы және "Сарыағаш - Әділет" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Амангелді Батырбековті Facebook әлеуметтік желісіне жергілікті шенеуніктің "ар-намысына тиіп, қадір-қасиетін қорлайтын" жазба жариялағаны үшін Қылмыстық кодекстің "Жала жабу" (130) және "Қорлау" (131) баптары бойынша айыпты деп танып, 2 жыл 3 айға бас бостандығынан айырған. 54 жастағы Амангелді Батырбеков өзіне тағылған айыпты мойындаудан бас тартқан.
Батырбековтің үстінен сотқа арызданған Келес ауданы білім бөлімінің басшысы Бақтияр Әбдиев 2019 жылдың басынан бері журналистің Facebook әлеуметтік желісінде "Келестегі кеңкелестік" деген тақырыппен жариялаған жазбалары өзінің ар-намысына тигенін айтқан.
- Facebook парақшасына "пара алды" деп нақты жазбайды, "алғанға ұқсайды" дейді. Кейіннен фейк айтты деп, білім бөлімінің басшысы болып қалай тағайындалғанымды жазды, - дейді Әбдиев Азаттыққа.
Шенеунік сотқа арызданбастан бұрын Амангелді Батырбековтің жазбасына байланысты оның әлеуметтік желідегі парағына мән-жайды баяндап комментарий қалдырғанын айтады. Журналист комментарий негізінде тағы бір жазба жариялағаннан кейін Әбдиев оларды жинап, Шымкенттегі сот сараптама орталығына жіберген.
- Мені "тупой" дейді. "Тупой" болсам бөлім басшысы болып қалай тағайындалдым? Бұдан бұрын да қызметте болдым. Он жыл ауыл әкімі болып жұмыс істедім, - дейді ол.
Сот тергеуі кезінде Амангелді Батырбеков әлеуметтік желіде жариялаған жазбаларында келтірілген мәліметтердің барлығы шындыққа сәйкес деп мәлімдеген. Ол "ақша талап ету" жайлы шағымды басшылықтан қысым көргенін айтып "Сарыағаш-Әділет" қоғамдық бірлестігіне көмек сұрап келген адам жеткізгенін, ал "Бозайдың тупой әкімі" деген өзінің емес, Facebook әлеуметтік желісіндегі "Алик Федр" деген фейк аккаунт авторының сөзі екенін, өзі тек соған сілтеп жазғанын айтқан. Бұған қоса Батырбеков жазбаларында Келес ауданында мектеп директорларын қайта жұмысқа қабылдау кезінде міндетті түрде конкурс өткізу туралы заң талабы бұзылғанын сынағанын мәлімдеген.
Журналистің жазбаларында "қорлау, ар-намысқа тиетін сөздер бар" деген сараптама қорытындысын негізге алған Сарыағаш аудандық соты биыл қыркүйектің 23-і күні Амангелді Батырбековті айыпты деп танып, оны 2 жыл 3 айға бас бостандығынан айырып, сотталушыдан жәбірленушінің пайдасына 200 мың теңге (515 доллар) моральдық және 567 500 теңге (1462 доллар) материалдық шығын өндіріп алу туралы үкім шығарды. Бұған қоса сот Батырбековтен Жәбірленушілерге өтемақы қорына 37875 теңге (97 доллар) және мемлекет пайдасына 6937 теңге (18 доллар) өндіріп алуды бұйырды.
Сот үкіміне наразы Батырбековтің қорғаушылары Түркістан облысы сотына апелляциялық шағым берді. Үкіммен келіскен жәбірленуші де облыстық сотқа журналистің апелляциялық шағымына қарсы пікір түсірген.
Амангелді Батырбековтің әйелі әрі қоғамдық қорғаушысы Гүлзада Баймұратова мен адвокаты Шынар Ермекова журналистің ісін қараған Сарыағаш аудандық соты өрескел қателіктер жіберді деп санайды.
- Cот істі біржақты тергеді. Батырбековтің құқықтары бұзылды. Мысалы, талап-тілектері ескерілмеді. Сот үкімінде айтылған түйін сөздер істің нақты мән-жайына сай емес. Екі рет сот отырысы Батырбековтің қатысуынсыз өтіп, қылмыстық-процестік заң бұзылды. Айыпталушының судьяға сенімсіздік білдіретіні туралы өтінішін сот қанағаттандырмады, - дейді адвокат.
Ермекова даулы жазбаларда "теріс, жағымсыз сипаттайтын, қорлап, ар-намысқа тиетін, қадір-қасиетке және іскерлік беделге нұқсан келтіретін сөздер" бар-жоғын анықтауды сұрап Шымкенттегі сот сараптамасы орталығына қайта хат жолдағанын айтты.
"ЖАЛА ЖАБУ" БАБЫМЕН ТҮРМЕГЕ ҚАМАЛҒАН ЖУРНАЛИСТ
Журналист, белсенді Амангелді Батырбеков "Жала жабу" бабымен бұған дейін де сотталған. 2015 жылы қазанда Сарыағаш ауданы прокурорының орынбасары Нұрлан Сапаровтың арызы бойынша Батырбековтің үстінен "Жала жабу" бабымен қозғалған қылмыстық істі қараған Сарыағаш аудандық соты журналисті бір жарым жылға бас бостандығынан айырған және жәбірленушіге 50 мың теңге төлеуге міндеттеген еді. Сот қараған іске журналист Батырбековтің прокуратура өкілі Сапаров туралы жазған "Заңнан да, құдайдан да... немесе жазықсыздардың жанайқайы бас прокуратураға жете ме?" деген мақаласы себеп болған.
Амангелді Батырбеков сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ашық хат жазғаннан кейін, 2016 жылғы қаңтарда Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облыстық соты "прокурордың орынбасары Сапаров жеке тұлға ретінде шағым бере алмайды" деген уәжбен аудандық сот үкімін бұзып, журналисті ақтаған. Алайда сол жылы жазда Нұрлан Сапаров лауазымды тұлға ретінде Батырбековтің үстінен сотқа қайта шағым түсіріп, жазда Амангелді Батырбеков үйқамаққа алынған еді.
2016 жылы күзде сот Амангелді Батырбековті 411-бап ("Судьяға, алқабиге, прокурорға, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамға, сарапшыға, сот приставына, сот орындаушысына қатысты жала жабу") бойынша айыпты деп танып, бостандығын екі жыл шектеуге үкім еткен. Журналиске 419-бап ("Көрiнеу жалған сөз жеткiзу") бойынша тағылған айыпты алып тастаған. Оның қамауда отырған мерзімі ескеріліп, тағайындалған жаза мерзімі бір жарымға қысқартылған. Прокурор Сапаров соттан журналисті қызметінен 10 жылға шеттетуді сұраған.
Амангелді Батырбеков 2017 жылы қаңтарда амнистия туралы заң бойынша жазадан босатылған. Бір іспен екі рет сотталған белсенді "кінәм жоқ болғандықтан толық ақталуым керек" деп мәлімдеген.
Бас прокуратураның құқық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің дерегі бойынша, 2018 жылы Қазақстанда "Жала жабу" бабы бойынша жауапқа тартылған 23 азаматқа бас бостандығынан айырудан басқа жаза қолданылған.
ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫЛАРДЫҢ БАТЫРБЕКОВТІ ҚОЛДАУЫ
Қазақстандағы сөз бостандығын қорғайтын "Әділ сөз" қоғамдық ұйымының деректері бойынша, 2019 жылдың тоғыз айында елде "Жала жабу" және "Қорлау" баптары бойынша 12 адамға қарсы іс қозғалған. Сот айыпты деп таныған бес адамның (біреуі кейін ақталған) арасында Амангелді Батырбеков те бар.
"Әділ сөз" қоры "Жала жабу" және "Қорлау" баптарын Қылмыстық кодекстен алып тастап, ондай даулы істерді азаматтық кодекс бойынша реттеу керек деп санайды. Ұйым өкілі Ғалия Әженованың пікірінше, билік "Жала жабу" бабын айтқанға көнбейтін, айдағанға жүрмейтін журналистердің аузын жабуға пайдаланады.
- Осы баптарды журналисті айтқаны, жазғаны үшін бас бостандығынан айыруға, сөз бостандығын шектеуге қолданады. Журналист қателесуі немесе эмоцияға берілуі мүмкін. Бірақ бұл соттауға себеп болмайды, - дейді Ғалия Әженова.
Қазанның 8-і күні Шымкентте жергілікті белсенділер түрмеде отырған Амангелді Батырбековті бостауға шақырып, оны қорғау жөнінде комитет құрды. Қазанның 14-і күні "Әділ сөз" ұйымы журналисті қолдап мәлімдеме таратты.
Халықаралық "Шекарасыз тілшілер" (Reporters sans frontières, RSF) ұйымы Амангелді Батырбековті 2019 жылы кәсіби қызметіне байланысты түрмеге қамалған журналистер тізіміне енгізіп, "Батырбековке шығарылған үкім – Қазақстанның журналистерді қалай қудалайтынының кезекті көрінісі" деп мәлімдеген.
"Журналистерді қорғау комитеті" (Committee to Protect Journalists, CPJ) Қазақстан билігін Батырбековті дереу босатып, тағылған барлық айыпты алып тастауға шақырды. "Билік журналиске еркін әрі қауіпсіз жұмыс істеуіне мүмкіндік беруі тиіс" деді CPJ өз мәлімдемесінде.
Қарашаның 7-і күні Женевада Қазақстанның адам құқығы ахуалына байланысты есебі тыңдалған БҰҰ-ның Адам құқығы кеңесінде Батыс елдері Нұр-Сұлтанды "Жала жабу", "Жалған ақпарат тарату" сынды баптарды Қылмыстық кодекстен алып тастауға шақырды. Дәл осындай ұсыныс 2010 және 2014 жылғы Қазақстанның БҰҰ алдындағы есебінде де айтылған. Бірақ заңда бұл баптар әлі бар.
Қазақстанның бұрынғы президенті, билікке ықпал ету құзыретін сақтап қалған Нұрсұлтан Назарбаев тамыздың 21-і күні өзі басқаратын "Нұр Отан" саяси партиясының жиынында сөйлеген сөзінде жала жапқандар мен көрінеу жалған ақпарат таратқандарға жазаны қатаңдату қажет деп мәлімдеген.
RSF ұйымының дерегінше, қазір әлемнің 180 елінде 234 журналист түрмеде отыр.
Ұйымның жыл сайын жариялайтын сөз бостандығы индексінде Қазақстан көп жылдан бері әлемдегі 180 елдің арасында соңғы отыздықтан шықпай келеді. 2019 жылға арналған осы тізімде Қазақстан 158-орында тұр.
ПІКІРЛЕР