Кремль Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ресей және Украина басшыларының тікелей кездесуі туралы айтқанына ынта танытпады.
Бұл туралы сейсенбі күні Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мәлімдеді. "Путин кездесу үшін ғана кездесудің пайдасы шамалы, кездесуге дайындықпен келу керек деп санайды… Біз "норманд форматына" дайындалып жүрміз" дейді ол.
Кремль өкілі мұны сейсенбі күні журналистермен кездесуінде айтқан. Песковтың сөзінше, Ресей - Украина қатынастары қалыпқа түскенін Мәскеу де қалайды, бірақ ол "Киевтің дәл сондай ықыласынсыз мүмкін емес"
12 қарашада Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев Украина президенті Владимир Зеленский мен Ресей президенті Владимир Путин арасында Нұр - Сұлтан қаласында келіссөз өткізуді ұсынған болатын. Сол күні "Астана клуб" форумында сөйлеген Назарбаев "Егер олар (Путин мен Зеленский – ред.) кездесуге бейтарап жер іздесе, Қазақстанды ұсынамын" деген.
Песков меңзеген "норманд форматы" немесе "норманд төрттігі" - Украинаның шығысындағы жанжалды реттеу үшін 2014 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Украина, Ресей, Франция және Германия жетекшілері мен сыртқы істер министрлігінің кездесу форматы.
Ресей мен Украина арасы 2014 жылы Ресей Қырым түбегін аннексиялап, Украинаның шығысындағы сепаратистерге қолдау көрсеткеннен кейін ушыққан.
ПІКІРЛЕР