Ақтөбе облысында 10 қарашада болған оқушылар арасындағы төбелестен кейін қаладағы колледждің студенті қамауға алынып, оның үстінен «Бұзақылық» және «Адам өлтіру» баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тағы екі оқушы тергеліп жатыр. Бұл туралы 13 қарашада Ақтөбе облыстық полиция департаментінің басшысы Атығай Арыстанов айтты.
10 қарашада Ақтөбеде 20-ға жуық оқушы жаппай төбелесіп, бір оқушы қаза тапқан.
Арыстановтың сөзінше, Ақтөбедегі №61 мектептің 9-сыныбында оқитын қызды сыныптасы ренжіткен. Қыз сыныптасының ренжіткенін жергілікті колледждердің бірінде оқитын досына айтқан. Осыдан соң 10 қараша күні кешкілік Ақтөбеде халық арасында «Заречный» деп аталып кеткен ауданға 20 астам оқушы жиналып, төбелескен.
- Полицияға 10 қараша күні сағат кешкі тоғыздан өте облыстық аурухана ауласында көп қан жоғалтқан жасөспірімнің мәйіті табылғаны туралы хабар түсті. Тергеу тобы күдіктілерді анықтап, 11 қазан күні 17 жастағы жасөспірімді ұстады. Күдікті жергілікті колледждердің бірінде оқиды. Тергеліп жатқантағы екі оқушыға әзірше айып тағылған жоқ, - деді Арыстанов.
Полицияның мәліметінше, пышақталып көп қан жоғалтқан оқушыны қасындағы бір топ бала аурухана ауласына қалдырып кеткен. 9-сынып оқушысы сол жерде қайтыс болған.
Оқушылардың төбелесі кезінде тағы екі жасөспірім пышақ жарақатын алған. Дәрігерлердің сөзінше, олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ, жарақаттары жеңіл.
Полицияның мәліметінше, облыста жыл басынан бері жасөспірімдер 112 қылмыс жасаған. 102 жасөспірім жауапқа тартылған.
ПІКІРЛЕР