Accessibility links

СІМ: 4500 этникалық қазақ Қытай азаматтығынан бас тартты


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Биыл қаңтар мен қыркүйек айы аралығында 4500 этникалық қазақтың Қытай азаматтығынан шығуы рәсімделген. Бұл туралы Қазақстан сыртқы істер министрлігі Азаттыққа мәлімдеді.

"9400 қазақ Қазақстандағы туыстарымен кездесу үшін құжат алды" делінген министрліктің Азаттыққа жіберген жазбаша жауабында.

Министрліктің мәлімдеуінше, 2019 жылдың алғашқы тоғыз айында Қазақстанның Қытайдағы елшілігінен 35 мың этникалық қазақ Қазақстанға виза алған.

Ішкі істер министрлігінің дерегі бойынша, биыл қаңтар мен қыркүйек аралығында 10790 этникалық қазақ Қазақстан азаматтығын қабылдаған, Министрлік дерегінше, өткен жылы 18 мыңнан астам этникалық қазақ азаматтық алған.

Қазақстанда тұрып жатқан, бірақ азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан президентінің жарлығымен Қазақстан азаматтығы беріледі. Ал шетелден көшіп келген этникалық қазақтар Қазақстан азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен ала алады.

Шілде айында жергілікті ақпарат құралдары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегіне сілтеме жасап, 2019 жылдың алты айында 7000-ға жуық этникалық қазақтың Қазақстанға қоныс аударғанын хабарлаған болатын. Соның ішінде Өзбекстаннан - 3800, Қытайдан 1553 адам көшіп келген. Мұнан басқа Түрікменстаннан 532, Моңғолиядан - 402, Ресейден - 145, Ираннан - 62, Қырғызстаннан - 46, Тәжікстаннан - 11, Түркиядан үш этникалық қазақ тарихи отанына оралған.

Ресми дерек бойынша, Қытайда 1,6 миллион қазақ тұрады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG