"Мемориал" құқық қорғау орталығы "Мәскеу ісі" бойынша айыпталған алты адам: Андрей Баршай, Владимир Емельянов, Егор Лесных, Максим Мартинцов, Александр Мыльников және Павел Новиковты "саяси тұтқын" деп таныды.
Олардың бәрі қазан айында ұсталған, оларға 27 шілде күнгі наразылық кезінде "билік өкіліне бағынбады" деген айып тағылған. Қазір тергеу изоляторында қамауда отыр.
Олардың саяси себеппен қудаланып отырғанын айтқан "Мемориал" құқық қорғау тобы наразылық кезіндегі видеожазбаға сүйенеді. Құқық қорғаушылардың айтуынша, полиция наразыларға күш қолданған кезде олар бейбіт тұрғындарды арашалауға тырысқан. Бірақ күштік құрылым өкілдерінің ешқайсысы жараланбаған. Ал тергеу орындары осы видеоны "олардың кінәсін дәлелдейтін айғақ" деп санайды.
27 шілде күнгі жаппай наразылықтан кейін пайда болған "Мәскеу ісін" құқық қорғаушылар "наразыларды қорқыту үшін" қозғалған "саяси астары бар қылмыстық іс" деп санайды.
Қыркүйек айында "Мемориал" құқық қорғау тобы "Мәскеу ісі" бойынша айыпталған тоғыз адамды "саяси тұтқын" деп таныған. Бұлар: Данил Беглец, Айдар Губайдулин, Егор Жуков, Кирилл Жуков, Евгений Коваленко, Алексей Миняйло, Иван Подкопаев, Самариддин Раджабов және Сергей Фомин. Олардың кейбірі сотталды, кейбірі - тергеліп жатыр. Бұған дейін Алексей Миняйлоға тағылған айып алынып тасталған.
ПІКІРЛЕР