26 қарашада Нұр-Сұлтан соты елде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысына "қатысы бар" деп айыпталып, бір жылға бостандығы шектелген белсенділер Серік Жахин және Гүлмира Халықованың апелляциялық шағымын қанағаттандырмады.
Екі белсендінің адвокаттары апелляциялық соттан алғашқы инстанцияның шешімін толық жоюды сұраған. Апелляциялық шағым қаралған отырыста Жахиннің адвокаты Аманжол Мұхамедияров белсендінің айыбы дәлелденбегенін жеткізді. Ал Халықованың адвокаты Әсел Тоқаева белсендінің желідегі посты оның жеке пікірі екенін айтты. Шағымды қараған судьялар адвокаттардың уәжін ескермеді және алғашқы соттың үкімін өзгертпеді.
15 қазанда Нұр-Сұлтандағы №2 Сарыарқа аудандық соты "Facebook парақшасында тыйым салынған ұйымның ақпараттарын бөлісті" деп айыпталған Серік Жахиннің бостандығын бір жылға шектеген. Белсендіге пробациялық бақылау тағайындалды. Сот оған екі жыл бойы әлеуметтік желіге кіруге және митингіге қатысуға тыйым салып, 100 сағат қоғамдық жұмыс істеуге міндеттеді.
21 қазанда Нұр-Сұлтан қаласының №2 Сарыарқа аудандық соты азаматтық белсенді Гүлмира Халықованы "тыйым салған ұйымның ақпаратын әлеуметтік желіде бөлісті" деп, бас бостандығын бір жылға шектеген. Бұдан бөлек, екі жыл қоғамдық-саяси қызметпен айналысуына және бұл мақсатта "әлеуметтік желілерді пайдалануға" тыйым салған. Бұған қоса, сот Халықованы 100 сағат қоғамдық жұмысқа жегу, одан "Зардап шеккендер қорының пайдасына" 25 250 теңге (65 долларға жуық) өндіріп алу жөнінде шешім шығарды.
Қуғындағы бизнесмен Мұхтар Әблязов құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысына 2018 жылы тыйым салынғаннан кейін бұл ұйымды қолдаған немесе қолдады деген күдікке ілінген ондаған белсендінің үстінен іс қозғалған. Кей заңгерлер ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп таныған сот шешімі қарама-қайшылыққа толы деп санайды.
ПІКІРЛЕР