Accessibility links

Сот кәсіподақ белсендісі Балтабайдың апелляциялық шағымын қарай бастады


Кәсіподақ белсендісі Ерлан Балтабай. Алматы, 3 қазан 2019 жыл.
Кәсіподақ белсендісі Ерлан Балтабай. Алматы, 3 қазан 2019 жыл.

Шымкент сотында "айыппұл төлемегені үшін", 5 ай 8 күнге қамалған кәсіподақ белсендісі Ерлан Балтабайдың апелляциялық шағымы қарала бастады.

Балтабай "Сеніп тапсырған мүлікті иемдену" бабы бойынша жеті жылға сотталып, кейін президент рақымшылығымен босап шыққан, Оның жазасы 1 млн 595 мың теңге (4150 доллар) айыппұлмен алмастырылған. Балтабай айыппұл төлейтін ақшасы жоғын айтып, рақымшылықтан бас тартқан еді. Кейін Шымкенттегі Әл-Фараби аудандық соты Балтабайдың айыппұлын 5 ай 8 күндік қамау жазасына алмастырған.

Апелляциялық шағым қаралған алғашқы отырысқа Ерлан Балтабайдың туыстары мен адам құқығын қорғау ұйымының өкілдері келді. Шымкент қалалық сотында істі судья Наурызбай Әуезов қарап жатыр. Қамауға алынған Ерлан Балтабай сот процесіне түзеу мекемесінен видеобайланыс арқылы қатысты.

Сот процесінде фото, видео түсіруге рұқсат сұраған Азаттық тілшісіне судья Наурызбай Әуезов қарсылық білдірді. Тілші заңды құқығын шектемеуді айтқаннан кейін судья прокурор мен Балтабайдың өзінен және оның адвокатынан пікір сұрады. Прокурор фото, видео түсіруге қарсылық білдірді, ал Балтабай ашық сот процесі екенін еске салып, рұқсат беру қажеттігін айтты. Ал судья рұқсат бермеді.

Сот отырысының басында Ерлан Балтабай бірнеше талап-тілек түсірді. Кәсіподақ белсендісі Қылмыстық кодекс бойынша "қылмыстық құқық бұзушылық я қылмыстық теріс қылық үшін" айыппұл салынатыны жазылғанын айтты. Ол сотта "екінші рет заңсыз сотталғанын" айтты.

"Президент жарлығымен рақымшылық жасалған уақытта өтелмеген жазаны сатып алу туралы айтылған. Әл-Фараби аудандық соты айыппұл тағайындаған кезде өтелмеген жазаны сатып алу емес, оны айыппұл деп белгілеп қаулы шығарған. Заңды дұрыс пайдаланбаған. Қылмыстық-процестік кодексті өрескел бұзған. Мен қылмыс жасаған жоқпын, президент рақымшылығына іліндім емес пе? Бұл үшін кім жауап береді?" деді Балтабай.

Ал судья Наурызбай Әуезов президент жарлығында жаза мерзімін айыппұлға алмастыру деп жазылғанын айтып, Балтабайдың "заңсыз үкім жайлы" сөзін жоққа шығарды.

Сот осыдан кейін үзіліс жариялады. Түстен кейін жалғасқан сотта Ерлан Балтабай інісін қоғамдық қорғаушы етіп белгілеуді, мемлекеттік адвокатының қызметінен бас тартып, тәуелсіз адвокат жалдауға мүмкіндік беруді сұрады. Судья оның өтініштерін қанағаттандырды. Бұдан соң судья келесі сот отырысын 3 желтоқсанға белгіледі.

Шілде айында Шымкенттегі Еңбекші аудандық соты "Лайықты еңбек" кәсіподағы мен отын-энергетика кешенінің салалық кәсіподақ төрағасы Ерлан Балтабайды Қылмыстық кодекстің "Сеніп тапсырған мүлікті иемдену" бабы бойынша кінәлі деп тауып, жеті жылға соттаған. Сотталушы өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын, істің саяси астары бар екенін айтқан. Ал оның ісін қараған судья "Балтабайдың кінәсі толық дәлелденді" деген.

Сот үкімі шыққан соң қазақстандық құқық қорғаушылар және бірқатар халықаралық ұйымдар Қазақстан билігін үкімнің күшін жойып, белсендіні босатуға шақырған. Құқық қорғаушылар "билік тәуелсіз кәсіподақтар қозғалысын қорқыту және құрту науқанын" жалғастырып отыр деген.

Тамыз айында Балтабай президент рақымшылығымен бостандыққа шыққан. Рақымшылықтан кейін оның жазасы айыппұлға алмастырылған. Бірақ Ерлан Балтабай айыппұл төлемейтінін айтып рақымшылықтан бас тартқан. Шымкент қаласының соты қазанда Балтабайды "айыппұлды өтемегені үшін" 5 ай 8 күнге қамаған.

Қараша айының басында Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы IndustriALL одағымен бірігіп, Ерлан Балтабайды босату бойынша ғаламдық кампаниясын бастаған. Олар азаматтарды Ерлан Балтабайға тағылған айыпты алып тастап, босатуды талап еткен хат үлгісіне қол қоюға шақырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG