Accessibility links

"Алматыметроқұрылыс" басшысы екі айға қамалды


Алматы метросы. Көрнекі сурет.
Алматы метросы. Көрнекі сурет.

"Алматыметроқұрылыс" компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Қайрат Реимов екі айға қамалды деп хабарлады Алматы қалалық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған ҚазТАГ агенттігі. Ақпарат құралының жазуынша, қараша айының соңында ұсталған Реимовті сот 25 миллион теңге төлеп, кепілмен босатуға келіскен. Бірақ 4 желтоқсанда бұл сот шешімінің күші жойылған.

"Алматы қалалық сотының қылмыстық істер алқасы 25 миллион теңге кепілдік ретінде төлеу туралы тергеу соты шығарған қаулының күшін жойды. Осылайша ол [Қайрат Реимов] екі айға қамауға алынды және тергеу амалдары жүрген кезде қамауда болады" деді Алматы қалалық сотының баспасөз хатшысы міндетін атқарушы Абай Жарылқасын 4 желтоқсанда.

Қараша айының соңында Қайрат Реимовтің ұсталғаны хабарланған еді. 27 қарашада кешке "Алматыметроқұрылыс" компаниясының жүзге жуық жұмысшысы "Сарыарқа" метро станциясында жиналып, Реимовтің ұсталуына қарсылық танытқан. Олар Реимовтің күрделі мәселелерді шешуде маңызды рөл атқарғанын айтып, оның ұсталуы метроның екі станциясы құрылысының тоқтап қалуына әсер етуі мүмкін екенін мәлімдеген.

ҚазТАГ-тың жазуынша, 29 қарашаға қараған түні сот Реимовті 25 миллион теңге кепілдік қойып, босатуға келіскен. Алматы қалалық полиция департаменті 1 желтоқсанда қорғау тарабының ақшалай кепіл қойып, Реимовтің бостандыққа шыққанын хабарлаған. 3 желтоқсанда баспасөз жиынын өткізген Реимов өзінің үстінен қозғалған қылмыстық істі "тапсырыс" деп атап, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан мәселеге араласуын сұраған.

Көктем айларында Реимовтің үстінен "ақша жымқыру", "алаяқтық" фактілері бойынша екі қылмыстық іс қозғалған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG