Бүгін парламент мәжілісінде «Атаулы әлеуметтік көмек саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырудың тиімділігі» тақырыбында үкімет сағаты өтіп, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов АӘК берудің жаңа тетіктері туралы баяндама жасады.
Министрдің сөзінше, 2020 жылдың 1 қаңтардан бастап кәмелетке толмаған 4 және одан да көп балалары бар отбасыларға жәрдемақы тағайындалғанда отбасының табысына қарамайды. 4 балаға 42 496 теңге; 5 балаға 53127 теңге; 6 балаға 63 757 теңге; 7 және одан көп балаға 74 388 теңге беріледі.
Сонымен қатар жаңа жылдан бастап «кепілдендірілген әлеуметтік топтама» беріле бастайды. 1 жастан 6 жасқа дейінгі табысы аз отбасы балаларына азық-түлік және гигиена құралдары, 6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға мектептерде ыстық тамақ беріліп, оқу құралдарымен және мектеп киіммен қамтамасыз етіледі, мектепке дейінгі жол шығындары өтеледі. Медициналық, стоматологиялық көмек 18 жасқа дейінгі балаларға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде көрсетіледі.
Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек көлемі биыл, 2019 жылы ақпанда Нұр-Сұлтанда өрттен бір отбасының бес қызы қаза тапқаннан кейін бірнеше қалада жаппай наразылық білдірген көп балалы әйелдер талабынан соң сәуір айында көтерілген.
Тамыздың 21-і күні «Нұр Отан» партиясы саяси кеңесінің отырысында бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев әлеуметтік жәрдем сұраған көп балалы әйелдердің «мемлекетпен ақылдаспағанын», сондықтан отбасын асырау олардың «өз мәселесі» екенін айтқан.
Қыркүйектің 2-сі күні жарияланған Қазақстан халқына жолдауында президент Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмысы төмен отбасыларға арналған атаулы әлеуметтік көмекті «азаматтарды еңбекке ынталандыратын, ашық, әділ жолмен беруді» ұсынды. Бір айдан соң еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов үкіметте атаулы әлеуметтік көмектің "жаңартылған" жобасын таныстырған болатын.
ПІКІРЛЕР