Accessibility links

Ақтөбеде "ағашты заңсыз отаған" компанияның үстінен сот басталды


Ақтөбеде арнайы техникалармен өзеннің арнасын тазартып, жағалауын бекітіп жатыр. (Сурет Ақтөбе облыстық әкімдігінің баспасөз қызметінен алынды).
Ақтөбеде арнайы техникалармен өзеннің арнасын тазартып, жағалауын бекітіп жатыр. (Сурет Ақтөбе облыстық әкімдігінің баспасөз қызметінен алынды).

Ақтөбеде "өзендер арнасын тазарту кезінде Қызыл кітапқа енген ағаштарды кесіп, табиғатқа залал келтірген" мердігер компанияның ісі сотқа жетті. 10 желтоқсан күні Ақтөбе қалалық соты "Берекелді" серіктестігінің ісін қарай бастады.

Тергеу материалдарына қарағанда, 2019 жылғы қаңтар-ақпан аралығында "Берекелді" компаниясы Ақтөбедегі Бұтақ өзені жағалауынан 37 түп күміс түстес терек пен 1 түп қара қандыағашты кесіп тастаған.

– Бұл – сирек кездесетін, Қызыл кітапқа енген ағаштар. Нұредин Усипов жетекшілік ететін "Берекелді" компаниясы өзен арнасын тазарту кезінде 348 мың теңге залал келтірді. Компания жұмысшылары сирек кездесетін ағаштарды Нұредин Усиповтің нұсқауымен кескен, – деді айыптау актісін оқыған прокурор Өтенова.

"Заңсыз ағаш кескен" компанияның ісі бойынша өтіп жатқан сот отырысы. 10 желтоқсан 2019 жыл
"Заңсыз ағаш кескен" компанияның ісі бойынша өтіп жатқан сот отырысы. 10 желтоқсан 2019 жыл

Тергеу 64 жастағы Нұредин Усиповті "ағаштарды заңсыз кесті", "Қызыл кітапқа енген ағаштарды отады" деп айыптап отыр. Сотталушы өзіне тағылған айыппен келіспейді.

– Тергеушілер "сіз жұмысшыларға телефонмен нұсқау бергенсіз" дейді. Мен ешкімге нұсқау бергенім жоқ. Ақтөбе - бұрын-соңды келіп көрмеген жерім. Сарыағаштан осы жақтың тергеушілері қайта-қайта шақыртқан соң ғана келдім, - деді Усипов.

Сотталушы Нұредин Усипов – Түркістан облысының тумасы. Ол жетекшілік ететін мердігер компанияға 2019 жылдың қаңтар айында Ақтөбедегі Бұтақ өзенінің арнасын тазарту тапсырылған. Ұзындығы 5 шақырым 150 метр болатын өзеннің арнасын кеңейтіп, табанын қоқыстан тазалау жұмыстары экология жанашырларының наразылығынан соң 2019 жылғы маусым айында тоқтап қалды. Өзендер арнасын тазартумен "Берекелді" компаниясынан өзге тағы үш серіктестік айналысқан.

10 желтоқсан күнгі сот мәжілісінде "Сотқа дейінгі тергеу барысында елеулі кемшіліктер жіберілді" деген адвокат Дамир Сатқұлов іс материалдары қазақ тіліне аударылмайынша, сотты тоқтата тұруды өтінді. Адвокаттың айтуынша, сотталушы Усипов орыс тілін білмейді. Соған қарамастан тергеу тек орыс тілінде жүргізілген.

Ақтөбе облыстық прокуратурасының мәліметінше, экологиялық заңнамалардың бұзылуына байланысты тергеу әлі толық аяқталмаған. "Тергеу мүддесіне қайшы" деген прокуратура сотқа тағы қанша істің жіберілетіні жайлы, табиғатқа келген шығынның жалпы мөлшері туралы түсініктеме бермеді.

Тамызда Ақтөбе облыстық прокуратурасы "Экологиялық заңнамалардың бұзылуына орай 7 қылмыстық іс қозғалды, оның бесеуі мердігер компанияларға қатысты. Табиғатқа келген шығын мөлшері 6 млн теңгеден астам" деп мәлімдеген.

Ақтөбе қаласы әкімдігі 2017 жылғы су тасқынынан соң сегіз өзеннің арнасын кеңейтіп, табанын қоқыстан тазалау туралы шешім қабылдаған. Әкімдік бұл жұмысты төрт мердігер компанияға тапсырған. 8 өзеннің арнасын тазартуға "Жол картасы" бойынша 6,7 миллиард теңге бөлінгені айтылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG