Accessibility links

Шымкентте "билік өкілін қорлады" деп айыпталған белсенді соты басталды


Белсенді Нұржан Мұхаммедов.
Белсенді Нұржан Мұхаммедов.

12 желтоқсанда Шымкенттің Әл-Фараби аудандық соты "билік өкілін қорлады" деп айыпталған белсенді Нұржан Мұхаммедовтің ісін қарай бастады. Сотқа шағымды Қаратау аудандық полиция басқармасының инспекторы түсірген. Оның айтуынша, Мұхаммедовті 25 қазанда "әкімшілік жазаға тарту ісі бойынша" сотқа апара жатқан кезде жауапкер оны "балағаттаған". Белсенді Мұхаммедов тағылған айыппен келіспейді. Бұл бап бойынша 80 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл немесе 80 сағат қоғамдық жұмысқа тарту немесе 20 тәулікке дейін қамау жазасы қарастырылған.

12 желтоқсанда сот отырысында куәгерлер сұралды. Істі судья Төлешов қарап жатыр.

25 қазанда кешке Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік соты Қытай зауыттарының салынуына қарсылық білдірген Нұржан Мұхаммедовті бес тәулікке қамады. Сотқа күшпен жеткізілген Нұржан Мұхаммедовтің сот залында денсаулығы нашарлап, дәрігерлер оны жедел жәрдеммен алып кеткен еді. Дәрігерлер оның иығы сынған болуы мүмкін деп болжаған. Кейінірек белсенді Азаттыққа ауруханада өзін рентгенге түсіріп, укол салып, үйіне жібергенін айтқан. Сол түні ауруханадан шыққан белсендіні полиция қайтадан сотқа апарған. Шымкент қалалық полиция департаменті Азаттыққа Мұхаммедов "жауапкершіліктен қашу үшін ауырдым деп сылтауратты" деп айтқан.

Күз айларында сот Мұхаммедовті "бейбіт митинг өткізу ережесін бұзды" деп 10 және 5 тәулікке қамаған. Шымкент тұрғыны 2018 жылы шілде айында отбасымен бірге қала әкімдігіне барып, "полицияның қудалауынан шаршағанын" айтып, өзін-өзі өртемек болған. Оны әкімдік қызметкерлері құтқарып қалған еді.

19 қарашада жергілікті белсенді Нұржан Мұхаммедов белгісіз біреулердің көлігінің терезесін шағып, иттің басын тастап кеткенін айтып, мұны "азаматтық белсенділігімен" байланыстырған еді. Нұржан Мұхаммедовтің Азаттыққа айтуынша, осыған дейін дүкені тоналып, жеке көлігінен телефоны да ұрланған. Полиция қараша айының соңында белсендінің шағымы негізінде "Бұзақылық" бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған.

ВИДЕО: Белсенді көлігінен иттің басын тауып алғанын айтады (Қараша айы, 2019 жыл).

Белсенді көлігінен иттің басын тауып алғанын айтады
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:41 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG