АҚШ сенаты 2020 жылы қорғаныс саласына бөлінетін бюджет жобасын мақұлдады. Құжатта екі ресейлік газ құбырын салушыларға санкция салу және Украинаға әскери көмек беру мәселесі қарастырылған.
738 миллиард доллар бөлуді қарастыратын бюджет құжатын сенаттың 86 мүшесі қолдап, сегіз мүшесі қарсы болды. Құжатта ресейлік "Солтүстік ағыс - 2", "Түрік ағысы" газ құбырын салушыларға шектеу енгізу мәселесі айтылады. Жоба авторлары бұл шаралар Еуропаның энергетикалық қауіпсіздігін сақтауға көмектеседі деп санайды.
Газ құбырлары 2020 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Бұл жобалардың көмегімен Ресей Украина арқылы газ тасымалдауды азайтқысы келеді. "Газпром" санкция күшіне енгенге дейін екі магистральдың құрылысын бітіруді жоспарлап отыр.
Қорғаныс бюджеті туралы құжатта Украинаға 300 миллион доллар әскери көмек беру мәселесі де қарастырылған. Құжат АҚШ үкіметіне Қырымды Ресей аумағы ретінде тануға тыйым салады. Онда ресейлік С-400 зениттік зымыран кешенін сатып алғаннан кейін Түркияға F-35 истребительдерін бермеуді Ресейге шектеу қою шараларының бірі ретінде атайды.
ПІКІРЛЕР