18 желтоқсанда түс кезінде әлеуметтік мәселелерін айтып, Ақордаға бармақшы болған 20 шақты көп балалы ананы жолда полиция бөгеді. Олар әйелдердің Ақорда ғимаратына апаратын баспалдақтан көтерілуіне мүмкіндік бермей, жолды жапты.
Шағымданған әйелдердің бірі Гүлнар Рақымжанованың Азаттыққа айтуынша, аналардың негізгі талабы үшеу: "Алтын алқа" және "Күміс алқа" иегерлерінің мәртебесін қайтарып, оларды бірінші кезекте тұрғын үймен қамтамасыз ету, аналардан балалары үш жасқа келгеннен кейін жұмысқа шығуларын талап етпеу және мүгедектігі бар адамдар мен мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған азаматтардың жәрдемақысын кіріс ретінде есептемеу.
- Бізді ашындырып отырған нәрсе - үкімет "ақша жоқ, ақша жоқ" дейді де, атаулы әлеуметтік көмекті тоқтатады. Сүйткен үкімет жолдың бойына 304 дәретхана салуды жоспарлайды. Әрқайсысының құны - 23 миллион теңге. Дәретхана күйіп тұрған өзекті мәселе емес қой. 9,10 баласы бар аналарды көшеге қаңғыртып қойып, шетел қонақтарына әдемі көріну үшін 23 миллионнның дәретханасын салмақшы. Осы жайт бізді қатты ашындырып отыр, - деді "Алтын алқасының" иегері Гүлжан Рақымжанова Азаттық тілшісіне.
Шағымданып тұрған аналардың арасында атаулы әлеуметтік көмекті ала алмай жүрген немесе соны қайтару міндеттелген аналар да болды. Солардың бірі алты баланың анасы Мейіргүл Пайдалы әкімдіктің "өзін алаяқ" деп атап, шамамен 300 мың теңгені қайтаруды міндеттеп отырғанын айтады.
- Мен өзім алты баламмен бірге жанар-жағар май станциясын паналап отырмын. Жағдайымыз өте нашар. Ішетін тамақ, киетін киім жоқ. Үйде жарық жоқ. Несиелерімді өтей алмай жүрмін. Биыл жанар-жағар май станциясын сатады деген соң шешеме барып келгенбіз. Бізге ешкім ескерткен жоқ. Ақкөлге барып сол жерде тұрып жатқан кезде станцияның сатылмайтыны белгілі болып, қуанып қайта көшіп келгенбіз. Бірақ әкімдік енді "өзімді алаяқ деп айыптап, ақшаны қайтар" деп жатыр. Жағдайымыз мынадай мүшкіл болып жатқан кезде оны қалай қайтарамыз? - деді жыламсыраған Мейіргүл Пайдалы.
Бір топ ана 18 желтоқсанда түске дейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ғимаратына барып, шағымданған. Аналарды шенеуніктердің жауабы қанағаттандырмағаннан кейін олар Ақордаға бет алған еді.
Қазан айында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов үкіметте атаулы әлеуметтік көмектің "жаңартылған" жобасын таныстырды. Билік 2020 жылы қаңтардың 1-нен бастап атаулы әлеуметтік көмек аз қамтылған отбасыларға ондағы еңбекке жарамды азаматтар мемлекет ұсынған жұмыста істеуге келіскен кезде ғана (шенеуніктер тілінде бұл "жұмыспен қамтуға ықпал ету шарасына қатысу" деп аталады) берілетінін мәлімдеді. Отбасы мүшелері жұмыстан бас тартқан жағдайда, бүкіл отбасына берілетін төлем тоқтатылады. Билік барлық көп балалы отбасы үшін бала санына байланысты, көлемі 73 375 теңгеден аспайтын дифференциалды жәрдемақы енгізуді ұсынған. Кейбір әйелдердің пікірінше, бұл өзгерістер елдегі көп балалы аналардың жағдайын жақсартпайды.
Қарай отырыңыз: Билік жәрдемақыны қайтаруды талап етті (27 қараша 2019 жыл).
ПІКІРЛЕР