Accessibility links

Алматыда сотқа келмеген "терроризм" бойынша айыпталған Шалабаевты іздеп жатыр


Айыпталушы Бекжан Шалабаев Алатау аудандық сотында. Алматы, 26 қараша 2019 жыл.
Айыпталушы Бекжан Шалабаев Алатау аудандық сотында. Алматы, 26 қараша 2019 жыл.

19 желтоқсанда Алматының Алатау аудандық сотында "терроризмді насихаттады" және "Хизб ут-Тахрирға қатысы бар" деп айыпталған 42 жастағы Бекжон Шалабаевтың ісі бойынша кезекті сот отырысы өтуі тиіс болған. Бірақ Шалабаевтың сотқа келмеуіне байланысты сот отырысы өтпей қалды. Адвокат Қайрат Кеңесов судьяға отырыс алдында Шалабаевқа телефон соққанын, алайда оның телефоны сөндірулі тұрғанын айтты.

Судья Талғат Мақұлов прокурор Дінмұхамед Махамбетқұлына Шалабаевты келесі сот отырысына алып келуді тапсырды. Ал адвокат Кеңесовке Шалабаевтың келмеу себебін анықтауды өтінді. Судья Шалабаевтың аптаның тақ күндері екі бүйрегі істемегендіктен гемодиализ процедурасын қабылдайтынын ескеріп, келесі сот отырысын 26 желтоқсанға белгіледі.

Айыпталушының әкесі 72 жастағы Рахматулла Шалабаев ұлының сотқа келмегеніне таңқалғанын айтып, оның қайда екенін білмейтінін жеткізді. Оның айтуынша, ұлының да, келінінің де телефондары сөндірулі тұр.

Рахматулла Шалабаев жақында ғана Шымкенттен Алматыға келгенін, бірақ Бекжонның үйіне барып үлгермегенін айтты. Ол ұлымен сотта кездесемін деп ойлаған.

Шалабаевтың ісі бойынша сот процесі 17 қазанда басталған. Алғашқы сот процесінде прокурор Жандос Сәуірбаев айыптау актісін оқыған. Мемлекеттік айыптаушының сөзінше, Шалабаев Facebook әлеуметтік желісі мен WhatsApp мессенджері арқылы терроризмді насихаттаған. Ал айыпталушы Шалабаев "терроризмді насихаттады" деген айыппен келіспейтінін, бірақ "Хизб ут-Тахрир" ұйымына мүше екенін айтты.

Этникалық қазақ Бекжон Шалабаев 1977 жылы Өзбекстанда көп балалы отбасында туған. 2007 жылы ата-анасымен Қазақстанға көшіп келген. Екі бүйрегі жұмыс істемейді, аптасына үш рет гемодиализ процедурасын қабылдайды. Ол тергеу орындарына ешқайда кетпеу туралы қолхат берген.

Шалабаев отбасылы, төрт баласы бар. Үшеуі – кәмелет жасына толмаған. Әйелі Садакат Шалабаева жұмыс істемейді, науқас күйеуіне қарайды.

Қазақстанда "Хизб ут-Тахрир" ұйымы "діни экстремистік топ" деп танылған. Бұл ұйым Еуропаның кейбір елдерінде заң жүзінде жұмыс істейді.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG