Accessibility links

Тәуелсіздік күні қарсаңында қамалған белсенділердің апелляциялық шағымы қаралды


Алматыда Тәуелсіздік күні қарсаңында "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деп айыпталып, қамалған белсенділердің бірі Асхат Жексебаев жалғыз адамдық пикетте тұр. Қараша айы, 2019 жыл.
Алматыда Тәуелсіздік күні қарсаңында "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деп айыпталып, қамалған белсенділердің бірі Асхат Жексебаев жалғыз адамдық пикетте тұр. Қараша айы, 2019 жыл.

Бүгін, 20 желтоқсанда Алматыда Лобачевский көшесіндегі әкімшілік жазаға тартылғандарды уақытша қамау мекемесінде Тәуелсіздік күні қарсаңында қамалған бірнеше белсендінің апелляциялық шағымы қаралды. Оған журналистерді, бақылаушы ретінде келген заңгерлер мен белсенділерді кіргізбеді.

Шамамен бір сағаттан кейін мекемеден шыққан адвокат Ақтан Қайыржанов судья 15 тәулікке қамалған Дархан Валиевтің жазасын "үш сағатқа ғана қысқартты", ал Надировтың жазасын үш тәулікке қысқартты деді.

Мекеменің кезекшісі Ерлан Сындыбаевтың сөзінше, бүгін мекемеде 13 адамның апелляциялық шағымы қаралған. Бірақ оларға нақты қандай шешім шыққанын айтқан жоқ.

- Олардың екеуі адвокаттан бас тартты, қалғандарының ісі толығымен қаралды, - деді мекеме өкілі.

Заңгер Маржан Аспандиярованың сөзіне қарағанда, қамау изоляторында жиырмаға жуық адам отыр. Олардың басым көпшілігі - 10-15 тәулікке қамалғандар.

- 15 тәулікке қамалған Асхат Жексебаевтың апелляциясы кеше, 19 желтоқсанда өтті, Асхаттың өтініші қанағаттандырылмады. Бүгін міне, барлығын оқшаулау мекемесінің ішінде өткізіп жатыр. Бұл - заңбұзушылық. Жабық мекемеде өткізудің еш қажеті жоқ еді, арнайы сот ғимараты бар. Мұндай процесс ашық өтуі керек. Журналистер де, бақылаушылар да қатысуы керек еді, - дейді Маржан Аспандиярова.

Бүгін Алматы қалалық сотында 13 тәулікке қамалған Ноян Рақымжановтың да апелляциялық шағымы қаралады деп айтылады.

Тәуелсіздік күні қарсаңында Алматы мен Нұр-Сұлтанда "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деп айыпталған жиырмадан астам белсенді қамалған еді. Кейбір құқық қорғаушылар мен белсенділер мұны Тәуелсіздік күнгі шерудің "алдын алу амалы" деп бағалаған. Бұған дейін ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев мұны жоққа шығарған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG