Accessibility links

"Белсенді Арзамасоваға оқ атты" деп айыпталған әкімнің соты басталды


Галина Арзамасова (оң жақта) сот ғимаратында тұр. Талғар, 25 желтоқсан 2019 жыл.
Галина Арзамасова (оң жақта) сот ғимаратында тұр. Талғар, 25 желтоқсан 2019 жыл.

25 желтоқсанда Алматы облысы Талғар аудандық сотында белсенді Галина Арзамасоваға оқ ату оқиғасына байланысты сот ісі басталды. Бұл іс бойынша Панфилов ауылдық округінің әкімі болған Нұрғали Аппазов мен оның жүргізушісі Ғани Сманов жауапқа тартылып жатыр. Екеуі де "Бұзақылық", "Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру" бабы бойынша айыпталған.

Алғашқы сот процесінде екі тараптың да адвокаттары айыптау актісімен келіспей, істі қайта прокуратура қарауына жіберуді сұрады. Аппазов пен Смановтың адвокаттары «тергеу дұрыс жүрмеді, айыппен келіспейміз» деді. Ал Арзамасованың адвокаты "Бұзақылық" бабын "Қылмыстық топ құрып, адам өлтіруге талпыну" бабына ауыстыруды сұрады. Судья екі тараптың да өтінішін қанағаттандырмады. Кейін Арзамасова мен адвокаты судьяға сенімсіздік танытып, істі басқа соттың қарауына беруді талап етті. Судья бұл шағымды да қанағаттандырмады.

Келесі сот отырысы 14 қаңтарда өтеді.

Талғар ауданындағы Қарабұлақ ауылының тұрғыны, белсенді Галина Арзамасова 26 тамызда аудандық әкімдік алдында өзіне белгісіз біреулердің "пневматикалық қарудан атқан оғы жамбас сүйегіне тигені" туралы Азаттыққа хабарлаған еді. Ол Талғар ауданы әкімінің қабылдауына Қарабұлақтағы мектеп маңындағы жердің жекеменшікке берілгенін, жерді алған адам үй салмақ боп жатқанын айтуға келген. Алған жарақатына қарамастан ол аудан әкіміне кіріп, мәселелерін жеткізген. Кейінірек ауруханаға түскен. Осы оқиғадан соң аудандық әкімдік Қарабұлақтағы мектеп маңындағы жердің қалай сатылып кеткенін тексере бастаған.

Кейін Қарабұлақ ауылы қарайтын Панфилов ауылдық округінің әкімі Нұрғали Аппазов пен жүргізушісі күдікті ретінде ұсталған. Олар тергеу басталғанда екі айға қамалып, кейін кепілмен босап шыққан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG