Accessibility links

Макс Боқаев құқық қорғаушыға "омыртқасы ауырып жүргенін" айтқан


Макс Боқаев.
Макс Боқаев.

Құқық қорғаушы Бахытжан Төреғожина Азаттыққа Макс Боқаевпен сөйлескенде ол омыртқа ауруларының мазалап жүргенін айтып қалғанын хабарлады. Төреғожина Боқаевпен 25 желтоқсанда сөйлескенін айтады.

Төреғожинаның сөзінше, Макс Боқаев салқын тигізіп алғандықтан омыртқасындағы грыжасы мазалап, дұрыс жүріп-тұра алмай, еңкейе алмай жүргенін айтқан.

- Макс Боқаев денсаулығына қатысты ашық шағым айтқысы келмейді, ұялады. Онда созылмалы гепатит С ауруы бола тұра ештеңе айтпайды және маған да Ақтөбедегі қылмыстық атқару жүйесі департаментіне шағымдануға тыйым салды, - дейді құқық қорғаушы.

Төреғожина Боқаев отырған Ақтөбедегі КА-168/2 түрмесінің басшылығына өтініш жолдап, Боқаевтың ауруының қабынуын жоюды сұрағанын айтады.

Ал Ақтөбедегі КА-168\2 мекемесі бастығы Байхат Қазмағамбетовтің айтуынша, "Боқаевтың денсаулығына төніп тұрған қауіп жоқ".

- Макс Боқаевтың халі жақсы. Ол қазір суық тигеннен емделіп жүр. Бүгін оның туыстары да хабарласты. Сіз шамасы Facebook желісіндені оның досының жазбасына қарап сұрап отырған шығарсыз. Ол оған жай «қазақша ауырып-сырқап қаламыз» деген ғой, - деді Байхат Қазмағамбетов.

46 жастағы Макс Боқаев 2016 жылы сәуірдегі жер шеруінен кейін тағы бір атыраулық белсенді Талғат Аянмен бірге "әлеуметтік араздық тудырды", "жалған ақпарат таратты" және "митинг өткізу заңдарын бұзды" деген айыппен бес жылға сотталған еді. 2018 жылы сот Талғат Аянның түрмеден уақытынан бұрын босату туралы өтінішін қанағаттандырып, оның жазасын шартты түрге алмастырған. Ал 2019 жылы шілдеде Атыраудағы №2 қалалық соты Талғат Аянды жазадан толық босатты.

Макс Боқаев болса "қамаудан уақытынан бұрын шығуға сұранбайтынын, өзін толық ақтауды талап ететінін" мәлімдеген болатын. Оның денсаулығына қатысты бұрын да бірнеше мәрте мәселе көтерілгенімен, жазасын өтеу орыны оның халінің жақсы екенін айтумен келеді. Боқаевтың өзі мен туыстары бірнеше мәрте тұрғылықты мекенжайы бойынша Атырау қаласына ауыстыруды сұрағанымен құзырлы орын "орын жоқтығын" айтып, қанағаттандырмаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG