Accessibility links

Семейде автобус жүргізушілері наразылыққа шықты


Еңбек құқығының бұзылуына шағынған муниципалды парк қызметкерлері. Семей. 26 желтоқсан 2019 жыл.
Еңбек құқығының бұзылуына шағынған муниципалды парк қызметкерлері. Семей. 26 желтоқсан 2019 жыл.

26 желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласында Semey Bus паркінің 30 шақты қоғамдық көлігі жұмысқа шыққан жоқ. Жиыны 60 адам кәсіпорын аумағында уәде етілген аванс беруді талап етті.

- Келісім бұзылып жатыр. Қарашаның жалақасы кешігіп түсті. Оны алу үшін түн ортасына дейін кезекте тұрамыз. Түнгі 3-4-терде оянып қайта жұмысқа шығамыз. Бізге авансты айдың 15-іне дейін беруі керек. Кейін 16-сы, 18-і, одан 26-сына жетті. Бүгін де "ертең" деп жатыр, - дейді кондуктор Наталья Борисович.

Қалалық автопарк қызметкерлері еңбек құқығының бұзылғанына наразы.

- Келісім-шартты алмадым. Қолымда ештеңе жоқ. Тексерген кезде соңғы 3 айда зейнетақы қорына ақша аударылмағанын білдім, - деп шағынады тағы бір кондуктор Мәдина Жұмағұлова.

Жұмысшылардың шағымын тыңдаған Semey Bus автопаркінің директоры Асқар Зияданов талап-тілектердің негізсіз екенін айтты.

- Барлық ақша ертең беріледі. Артық шу көтеріп керек емес, - деді ол.

Автопарк директоры қызметкерлерінің құқығының бұзылуын жоққа шығарады. Кейбір жұмысшылар бақылаушылардың кондукторларды ақша жасырып қалады деген күдікпен шешіндіріп тексеретінін айтса, енді бірі ауысым алдында автобус жуғызады деп арызданды. Зиядинов "ондай жағдай болған жоқ" дейді. Бірақ журналистердің еңбек келісім-шарты мен зейнетақы аударымына қатысты сауалына жауап беруден бас тартты.

Жүргізушілер бұған дейін автобустардың рейске шықпаған кезі болғанын айтады. Алайда жұмысшылар наразылығы автопарктің 10 адамды жұмыстан шығаруымен аяқталған.

Қарсылық акциясы кезінде автопарк басшылығы жұмысшылардың авансын бере бастады. Арызданғандар полиция келген соң тарады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG