Bek Air ұшағы апатында көз жұмған Қазақстан генералдар кеңесінің төрағасы Рүстем Қайдаровты 29 желтоқсанда Алматыда соңғы сапарға шығарып салды. Жерлеу рәсіміне жүздеген адам жиналды.
Сондай-ақ ұшақ апатынан қаза болған журналист Дана Круглова мен дәрігер Арман Исинаны Нұр-Сұлтанда соңғы сапарға шығарып салды. Қала әкімдігі жерлеу рәсімінің барлық шығынын өз мойнына алғанын хабарлады.
Бұдан бөлек, Қазақстан президент Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter парақшасында апаттан кейін зардап шеккендерге донор болған, ұшақ апатқа ұшыраған жерде тамақ істеп көмек қолын созған Гүлдала ауылының тұрғындарына алғыс айтты.
27 желтоқсанда таңертең Bek Air авиакомпаниясының Fokker-100 ұшағы Алматы әуежайына жақын жерге құлады. Ұшақ бортында 93 жолаушы және бес экипаж мүшесі болған. 12 адам қаза тапты. Ондаған жолаушы жарақатпен ауруханаға жеткізілген.
Қазақстанда 28 желтоқсан жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланған. Сенбі күні бірқатар қалада тұрғындар ұшақ апатынан қаза болғандардың рухына құран бағыштап, гүл қойды.
27 желтоқсанда премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр ұшақ апатының себептері туралы болжам айтты. Оның сөзінше, ұшақ апатына ұшқыштың қателігі немесе техникалық ақау себеп болуы ықтимал.
Премьер-министр Асқар Мамин апаттан қаза болғандардың отбасына төрт миллион теңгедан (шамамен 10,5 мың доллар) төленетінін айтты. Bek Air компаниясына берілген лицензия уақытша тоқтатылды.
ПІКІРЛЕР