БТА Банктің Бельгиядан саяси баспана алған бұрынғы заңгері Ботагөз Жәрдемәлі 30 желтоқсанда бауыры, бизнесмен Ескендір Ерімбетовті ауыр дертке шалдығуына байланысты бостандыққа шығарғанын хабарлады. Ескендір Ерімбетов 2018 жылы "алаяқтық жасады" деген айыппен жеті жылға сотталған, бірақ ол айыпты мойындамаған. 48 жастағы Ескендір Ерімбетовті құқық қорғаушылар "саяси тұтқындар" тізіміне қосқан.
Ескендір Ерімбетовтің адвокаты Жанар Балғабаева Ерімбетовтің дертіне байланысты бостандыққа шығарылғанын, бірнеше күннен бері үйінде екенін растады. Ескендір Ерімбеовтің өзімен сөйлесудің сәті түспеді.
Ескендір Ерімбетов қамауда отырған ЛА-155/14 мекемесі ақпаратты нақтылап, сот қаулысы күшіне енген соң, 27 желтоқсанда бостандыққа шыққанын айтты.
Биыл 29 шілдеде АҚШ сенаторлары Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасап, оны дереу босатуға, тағылған айыпты алып тастауға шақырған. Хатқа Марко Рубио және Роберт Менендес секілді ықпалды сенаторлар қол қойып, барлығы 15 сенатор қолдаған.
АҚШ сенаторларына Нұр-Сұлтан Ескендір Ерімбетовтің ісі "әділ қаралды" деп жауап берген.
Былтыр желтоқсан айында БҰҰ-ның жұмыс тобы "Ерімбетов халықаралық құқық нормаларына қайшы ұсталып отыр, шұғыл босатылсын" деген қорытынды шығарған. 2018 жылы өткен әлем елдеріндегі адам құқығы бойынша жыл сайынғы баяндамада Ерімбетов Қазақстанда саяси астармен қамауда отырған 24 адамның арасында аталған.
2018 жылы 22 қазанда сот Ерімбетовті "аса ірі көлемде алаяқтық жасады" деген айыппен жеті жылға соттаған. Ерімбетовті жақтаушылар "қылмыстық іс ойдан шығарылған" деп санайды. Олар "қазір Еуропада өмір сүретін Ботагөз Жәрдемәліні Қазақстанға қайтару үшін билік оның інісі Ескендір Ерімбетовке қысым жасады" деп санайды. Ерімбетовтің ата-анасы Ботагөз Жәрдемәліні бұрынғы банкир Мұхтар Аблязовқа қарсы куә ретінде пайдаланғысы келеді деп біледі. Ботагөз Жәрдемәлі БТА банктің бұрынғы басшысы, экстремистік ұйым ретінде Қазақстанда тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" оппозициялық қозғалысының жетекшісі Мұхтар Аблязовтың қарамағында жұмыс істеген. Қазақстанның тергеу органдары Ескендір Ерімбетов ісінің саяси астары жоқ деп есептейді.
ПІКІРЛЕР