Accessibility links

Нұр-Сұлтанда белсенділер Әбділдинді еске алып, құран бағыштады


Серікболсын Әбділдиндге құран бағыштау үшін мешітке келген белсенділер. Нұр-Сұлтан, 3 қаңтар 2020 жыл.
Серікболсын Әбділдиндге құран бағыштау үшін мешітке келген белсенділер. Нұр-Сұлтан, 3 қаңтар 2020 жыл.

3 қаңтарда түстен кейін Нұр-Сұлтанда "Хазірет Сұлтан" мешітіне бір топ белсенді жиналып, 31 желтоқсанда көз жұмған саясаткер, ғалым Серікболсын Әбділдинді еске алып, құран бағыштады.

Жиналғандар сыртқа шыққаннан кейін "биліктің былығын әшкерелеген" саясаткердің өнегелі өмірі туралы сөз қозғап, ізінше қоғамдық саяси-әлеуметтік мәселелерге байланысты пікірлерін айтты.

Белсенді Нағызхан Қажының айтуынша, "қоғамның көзін ашқан" Серікболсын ақсақал ақырғы демі таусылғанша бар-білгенін айтып, кеңестерімен бөліскен. Қыркүйек айында ауырып тұрса да, "Екінші халық құрылтайына" барып, пікірін айтып кеткен.

- Ағамыздың әруағына айтарымыз - уақытында түсінбеген көпті кешіре гөр. Қазір халық оянды. Енді билікті қолға алып, халқымызды тығырықтан шығаруға нәсіп етсін. 2020 жылы билік арабтардан артық өмір сүретін боламыз деп айтқан еді. Келетін жерге келдік. Жағдайды өздеріңіз білесіздер. Көп балалы аналарға берілетін 21 мың теңгені ырду-дырду етіп, жартысына беріп, қайта алып, зар жылатып, енді жаңа жылдан бастап, 21 мың көп екен, енді 10 мың болады деп түсірді. Оның өзін тек төрт баладан асқандарға ғана төлейміз деді. Мазақ емес пе? Бұлар ұрлап-ұрлап, тоятын шығар, сосын халыққа бет бұратын шығар десек, жоқ, ниетінен қайтар емес, - деді Нағызхан Қажы.

Қала тұрғыны Орынбасар Жәнібеков жастардың жұмыссыздығы мәселесін қозғап, "Сталинград шайқасынан кейінгі" жағдайды бастан кешіріп отырған аймақтағы кейбір елді мекендердің күрделі ахуалы туралы да айтты. Мешіт маңынан ары-бері өткен адамдар белсенділердің сөзіне елең етіп келіп, тыңдап, кейбірі соңына дейін олармен бірге болды.

Қазақстан Жоғарғы кеңесінің бұрынғы төрағасы, оппозициялық саясаткер, ғалым Серікболсын Әбділдин 31 желтоқсан күні сағат 23:00-тен өте Алматы ауруханасында қайтыс болған. Ол 82 жасында дүниеден өтті.

3 қаңтарда таңертең Алматыда Жамбыл атындағы филармонияда Қазақстан жұртшылығы Әбділдинді ақтық сапарға шығарып салды. Оған жүзден астам адам қатысты.

Оқи отырыңыз: "Қайтпас қайсар, принципшіл саясаткер". Серікболсын Әбділдинмен қоштасу

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG