Accessibility links

"Путинді Кремльден аластамақ болған" саха бақсысы Мәскеуге жаңадан жорық "бастамақ"


Саха бақсысы Александр Габышев.
Саха бақсысы Александр Габышев.

Саха бақсысы Александр Габышев Ресей президенті Владимир Путинді "Кремльден аластау үшін" Мәскеуге жаңадан жорық бастайтынын мәлімдеді. Ол жақтастарымен бірге наурыз айында жолға шығатынын айтты.

Габышев сот шешіміне қарамастан жорық жасайтынын айтып отыр.

"Мен Құдай заңына ғана бағынамын. "Ол наурыз айында деді, демек - наурыз айында" деді бақсы Youtube-те жариялаған видеомәлімдемесінде. Ол жақтастарын Якутск қаласында жинап жатыр. Жорықты нақты қай күні бастайтынын айтқан жоқ.

Саха бақсысы Александр Габышев 2019 жылы наурыз айында "Путинді Кремльден аластау үшін" Мәскеуге жаяу шыққан еді. Ол "Ресей президенті қара күштен жаралған және онымен тек бақсы ғана күресе алады" деп мәлімдеген. Оны полиция Бурятия мен Иркутск облысы шекарасының маңынан 19 қыркүйекте алып кеткен.

20 қыркүйекте Якутск қаласына әкеліп, психиатриялық тексеруге жіберген. Психологиялық-психиатриялық сараптама қазан айының басында саха бақсысы Александр Габышевтің "ақыл-есі дұрыс емес" деген қорытынды шығарды.

Оның үстінен "экстремизм" бабымен қылмыстық іс қозғап, ешқайда кетпейтіні жөнінде қолхат алды. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков саха бақсысының ұсталуына "Кремльдің еш қатысы жоғын" айтты.

Габышев екінші жорығын 8 желтоқсанда бастаған. Бірақ полиция оны тағы ұстады. Тергеу орындары оған ешқандай айып ақпады, бұл жолы ешқайда кетпейтіні туралы қолхатты қайтарып берген.

Оқи отырыңыз: "Мәскеуге жорығын" қайта бастаған саха бақсысын полиция екінші рет ұстады

ФСБ қызметкері оны қажет жағдайда тергеушіге баруды міндеттеген.

Былтыр Amnesty International адам құқығын қорғау ұйымы Александр Габышевті "ар-ұждан тұтқыны" деп атап, Ресей билігін саха бақсысын босатуға шақырған​.

Қарай отырыңыз: Саха бақсысы "Кремльден Путинді аластау үшін" жаяу жолға шықты (2019 жыл).

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG