Таразда Жамбыл облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында "мектеп дәретханасындағы зорлау" оқиғасына байланысты қозғалған қылмыстық іс бойынша сот процесі жүріп жатыр. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап Азаттықтың Жамбыл облысындағы тілшісі хабарлайды.
Баспасөз қызметінің түсіндіруінше, жәбірленушінің кәмелетке толмағаны ескерілгендіктен сот процесі жабық түрде өтіп жатыр.
Бұл іс бойынша Жамбыл облысының 38 жастағы тұрғынына Қылмыстың кодекстің 120 және 121 баптарының 4-тармағы ("Зорлау", "Жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық") бойынша айып тағылған. Егер айыпталушының кінәсі дәлелденсе, 17 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Айыпталушы осыған дейін ұрлық жасағаны үшін сотталған.
2019 жылдың 15 қарашасында Тараздағы мектеп ауласындағы дәретханада мектеп оқушысының зорланғаны туралы ақпарат тарады. Жамбыл облыстық полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиевтің мәліметінше, "күдікті көп ұзамай тұтқындалып, кінәсін мойнына алған". Жәбірленуші күдіктіні таныған. Полицейлер видеокамерадағы бейнежазбаның көмегімен күдіктіні тұтқындағанын айтады.
Осы істен кейін облыстағы лауазымды қызметте отырған бірнеше басшылар қызметтен кеткен. Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаев, білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова, қалалық білім бөлімінің басшысы Мүбәрак Жинақбаева және оқиға болған мектеп директоры орнынан кетіп, облыс басшысы Асқар Мырзахметовке ескерту берілді.
Оқи отырыңыз: Дәретханадағы оқиғадан соң Тараз әкімі жұмыстан босап, облыс әкімі ескерту алды
ПІКІРЛЕР