Accessibility links

"Белсенді Арзамасоваға оқ ату" ісі бойынша сотта айыптау актісі оқылды


Галина Арзамасова (оң жақта) сот ғимаратында тұр. Талғар, 25 желтоқсан 2019 жыл.
Галина Арзамасова (оң жақта) сот ғимаратында тұр. Талғар, 25 желтоқсан 2019 жыл.

14 қаңтарда Алматы облысы Талғар аудандық сотында белсенді Галина Арзамасоваға оқ ату оқиғасына байланысты сот ісі жалғасты. Бұл іс бойынша Панфилов ауылдық округінің бұрынғы әкімі Нұрғали Аппазов мен оның жүргізушісі Ғани Сманов жауапқа тартылып жатыр. Екеуі де "Бұзақылық", "Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру" бабы бойынша айыпталған.

Сейсенбі күнгі сот отырысында прокурор Дамир Дарханбаев айыптау актісін оқыды. Онда бұрынғы әкім Аппазовтың жергілікті белсенді Арзамасоваға қастандық жасауды тапсырғаны, сол үшін бірнеше жүз мыңнан ақша бергені айтылады.

Айыптау тарабының айтуынша, Аппазов белсенді Арзамасованың ауладағы көлігінің көзін құрту үшін жүргізушісі Смановтан жанармай толған әйнек бөтелкесін лақтырып, белгісіз тапаншамен бірнеше оқ атуын сұраған. Сманов жанармай толған бөтелкенің аузына мата тығып, оның шетіне от жағып, ауладағы көліктің жанына лақтырған. Бірнеше рет аулаға оқ атып, қашып кеткен. 26 тамызда - Арзамасоваға оқ атылған күні - әкім күдікке ілінбес үшін әкімдік ішіне кіріп кеткен. Ал Сманов пневматикалық мылтықпен шамамен бір шақырым қашықтықта бара жатқан белсендінің оң жақ жамбас тұсына оқ атқан.

Аппазов пен Сманов та айыптау актісімен толық келіспеді. Олар бұған дейін "тергеу дұрыс жүрмеді" деп айтқан.

Алғашқы сот процесінде жәбірленуші Арзамасова мен оның адвокаты "Бұзақылық" бабын "Адам өлтіруге талпыну" бабымен ауыстыру керек екенін айтқан еді. Бірақ судья олардың өтінішін қанағаттандырмаған.

Бүгін соттың басында бұрынғы әкім мен адвокаты ақпарат құралдарының өздерін түсіруге қарсы екенін айтып, журналистерді залдан шығарып жіберсін деген. Судья басында сол пікірді қолдады, кейін журналистер мен Арзамасованың адвокатымен біраз дауласып, процестің басы мен аяғында тек бес минут уақыт түсіруге ғана рұқсат берді.

Бұл іс бойынша сот 25 желтоқсанда басталған.

Оқи отырыңыз: "Белсенді Арзамасоваға оқ атты" деп айыпталған әкімнің соты басталды

Талғар ауданындағы Қарабұлақ ауылының тұрғыны, белсенді Галина Арзамасова 26 тамызда аудандық әкімдік алдында өзіне белгісіз біреулердің "пневматикалық қарудан атқан оғы жамбас сүйегіне тигені" туралы Азаттыққа хабарлаған еді. Ол Талғар ауданы әкімінің қабылдауына Қарабұлақтағы мектеп маңындағы жердің жекеменшікке берілгенін, жерді алған адам үй салмақ боп жатқанын айтуға келген. Алған жарақатына қарамастан ол аудан әкіміне кіріп, мәселелерін жеткізген. Кейінірек ауруханаға түскен. Осы оқиғадан соң аудандық әкімдік Қарабұлақтағы мектеп маңындағы жердің қалай сатылып кеткенін тексере бастаған.

Кейін Қарабұлақ ауылы қарайтын Панфилов ауылдық округінің әкімі Нұрғали Аппазов пен жүргізушісі күдікті ретінде ұсталған. Олар тергеу басталғанда екі айға қамалып, кейін кепілмен босап шыққан.

Видео: Белсенді Арзамасоваға әкімдік алдында оқ атты (Тамыз айы, 2019 жыл).

Белсенді Арзамасоваға әкімдік алдында оқ атты
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:52 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG