"ТОҚАЕВ УӘДЕ БЕРГЕНІМЕН, ӨЗГЕРІС БОЛМАДЫ"
Human Right Watch (HRW) халықаралық ұйымы есебінде президент ауысқан Қазақстанда 2019 жылы адам құқығы бойынша айтарлықтай өзгеріс болмағанын атап өткен.
"Наурыздың 19-ы күні елді отыз жылдай басқарған Нұрсұлтан Назарбаев президенттіктен кетіп, орнына сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаев уақытша президент болды. Ал маусымдағы кезектен тыс сайлауда билік партиясынан кандидат Тоқаев дауыс беру кезінде көп заңбұзушылық тіркелген кезектен тыс сайлауда жеңіске жетті. Сайлау барысында билік бейбіт митингілерде наразыларды жаппай ұстады" деп жазылған ұйым есебінде.
HRW "Қазақстан билігі әділетсіз сотталған белсенді Макс Боқаевты (2016 жылы Жер митингісінен кейін жазаланған) әлі түрмеде ұстап отырғанын" жазған. Ұйым "Нұр-Сұлтан оппозиция мүшелерін қудалауды күшейтті. Билік кәсіподақтар туралы 2014 жылғы заңды өзгертпей отырғандықтан тәуелсіз кәсіподақтардың жұмысына кедергі әлі де көп" деп санайды.
HRW Қазақстанда 2019 жылы наразылық шаралары көбейгенін, бірақ билік бейбіт митингілерге рұқсат бермей, наразылық шараларына жиі кедергі келтіргенін, бейбіт шеруге және жалғыз адам пикетіне шыққандарды да ұстағанын атап өткен.
HRW есебінде БҰҰ Жоғарғы комиссары басқармасының Орталық Азиядағы өкілі Ричард Коменданың Қазақстан билігінің іс-әрекетін "өте өкінішті жағдай" деп атап, Нұр-Сұлтанды бейбіт митинг құқығын құрметтеуге шақырғанын жазды.
Ұйым президент қызметіне келген Тоқаев "бейбіт митинг туралы заңды өзгертуге уәде бергенімен, ешқандай өзгеріс болмағанын" айтады. HRW күзде елде "Қазақстандағы Қытайдың 55 жобасына қарсы" наразылық акциясында ондаған адам ұсталғанын мәлімдеді.
"Елде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының қыркүйектегі наразылық шарасында жүзден астам адам ұсталды. 2019 жылы Қазақстан билігі ҚДТ қозғалысының жақтастары мен мүшелерін қудалауды күшейтті" дейді ұйым. 2019 жылы наурызда Еуропарламент Қазақстан жайлы резолюциясында Нұр-Сұлтанды сынаушы, шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов құрған ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.
HRW есебінде Қазақстан билігінің Шыңжаңдағы қазақтар мәселесін көтеріп жүрген белсенді Серікжан Біләшті жауапқа тартқанын, қамауда отырған Мұхтар Жәкішевті халықаралық ұйымдардың талабына қарамастан босатпағанын мәлімдеген. "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Жәкішев 2009 жылы "Сеніп тапсырылған өзгенің мүлкін ысырап қылды және пара алды" деген айыппен 14 жылға сотталған. Жәкішев тағылған айыпты теріске шығарған. Құқық қорғаушылар Жәкішевтің ісінде "саяси астар бар" деп санайды.
"ЖАС БЕЛСЕНДІЛЕРГЕ, ЖУРНАЛИСТЕРГЕ ҚЫСЫМ КҮШЕЙДІ"
HRW Қазақстандағы "Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау ұйымына сілтеме жасай отырып, елде 2019 жылы қаңтар мен қыркүйек арасында 54 журналист ұсталғанын я жазаланғанын жазды. Елде журналистерге шабуылдар жиілегенін жазған ұйым есебінде Азаттық тілшілерінің де шабуылға ұшырап, оларға қарсы газ баллоны қолданылғанын (шілденің 6-сы, Астана күні Нұр-Сұлтандағы наразылық кезінде белгісіз біреулер Азаттық тілшісі Өркен Жоямерген мен Ержан Әмірхановқа газ шашқан – ред.) атап өткен.
Ұйым Forum18 сайтына сілтеме жасап, 2019 жылдың алғашқы жартысында Қазақстанда азаматтар мен діни ұйымдардың үстінен 106 әкімшілік іс қозғалып, оларға айыппұл салынғанын, кейбірі қысқа мерзімге қамалғанын жазған. HRW Нұр-Сұлтанның "діни наным-сенімге шектеу қоятын даулы заң жобасын қайтарып алғанын" да атап өткен.
Ұйым есебінде Қазақстанға қатысты айтылған басқа да негізгі фактілер:
- Азаматтық қоғам. Елде жаңадан құрылған "Oyan, Qazaqstan" жастар қозғалысы Конституцияны өзгертуді талап етті. Қозғалыс мүшелері мен басқа да жас белсенділерге қоқан-лоқы көрсетіліп, шетелге шығуына кедергі жасалды, аңду күшейді. Жастара мұндай қысым көбіне наразылық акциялары қарсаңында жасалды. Бұған қарамастан қозғалыс тамызда және қарашада наразылық шарасын өткізді.
- Терроризммен күрес және экстремизм. Қазақстан былтыр Сирияда ДАИШ (өзін "Ислам мемлекеті" деп атайтын экстремистік топтың араб тіліндегі атауының қысқартылған нұсқасы - ред.) тобына қосылған 524 азаматын (көбі – балалар мен әйелдер) елге жеткізді. БҰҰ адам құқығы және терроризммен күрес жөніндегі комиссары тамызда Қазақстанға сапарында Нұр-Сұлтанның Сириядағы қазақстандықтарды елге әкелуін жоғары бағалады және елді олардың сот процестері мен дерадикализация процестері кезінде адам құқығын сақтауға шақырды. БҰҰ өкілі Қазақстаннан азаматтық қоғам мен діни топтарға бағытталған аса қатал терроризм туралы заңын өзгертуді сұрады. Тамызда Қазақстан соты сегіз адамды желіде діни тақырыпты талқылағаны үшін "терроризмді насихаттады", "алауыздық қоздырды" деп айыптап, бес жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге соттады. Сотта олардың экстремизмді насихаттағаны дәлелденген жоқ.
- Отбасындағы зорлық-зомбылық. Қазақстанда отбасындағы зорлық кең таралса да, әлі күнге дейін қылмыстық статус берілген жоқ. Полиция тұрмыстық зорлық-зомбылық жайлы арыз-шағымдарды тіркемейді және зардап шеккендерге құқығын қалай қорғауға болатынын жөнді түсіндірмейді.
- Түрмедегі азаптау. Түрмедегі азаптау туралы түскен 119 арыздың тек 13 ғана сотқа жетті. Тамызда Заречный кентіндегі түрмеде қызметкерлердің жазасын өтеуші азаматты қинап жатқаны туралы видео тарап кетіп, түрменің жеті қызметкері жұмыстан қуылды. Президент Тоқаев бас прокуратураға істі жан-жақты тексеруді тапсырған. Бірақ құқық қорғаушылар сотталушылардың жартысы түрме қызметкерлерінің үстінен түсірген арызын қайтарып алғанына алаңдаушылық білдірді.
HRW Қазақстан билігінің ЛГБТ құқығын қорғайтын "Феминита" қозғалысын тіркемей қойғанын, БҰҰ елде гендерлік теңдік пен ЛГБТ құқығының сақталмай отырғанына байланысты алаңдаушылық білдіргеніне қарамастан тиісті заң қабылдамай отырғанын сынады.
"МЕКТЕПТЕРГЕ МҮГЕДЕК БАЛАЛАРҒА ЖАҒДАЙ ЖАСАЛМАҒАН"
HRW биылғы есебінде Қазақстан билігінің уәдесіне қарамастан елде мүгедек балаларға білім беру ісінде оң өзеріс жоғына алаңдаушылық білдірді.
"Елде орта мектептерде оқитын мүгедек балалар тым аз. Мектептер балаларды міндетті денсаулық тексерісінің нәтижесіне қарап оқуға қабылдайды. Көптеген мектептерде мүгедек балаларға жағдай жасалмаған. Мүмкіндігі шектеулі балалар орта мектептерде шеттетіліп, арнайы білім орындарында не үйінде оқиды. Елде екі мыңнан астам мүгедек бала жабық мекемелерде қысымға ұшырап жатыр. Қазақстан билігінің бұл орталықтарды жабатын жоспары жоқ" дейді ұйым.
Видео: HRW есебіне депутаттар пікірі.
Ұйым кәсіподақ белсенділері Нұрбек Құшақбаевқа, Әмин Елеусіновке және Лариса Харьковаға кәсіподақ ұйымын басқаруға салынған тыйым әлі жойылмағанын, Нұр-Сұлтанның "Қазақстанның тәуелсіз кәсіподақтар конгресін тіркемей қойғанын сынаған.
Ұйым есебінде тағы бір кәсіподақ басшысы Ерлан Балтабайдың ісін де жазған. Балтабай "кәсіподақ ұйымының ақшасын негізсіз жұмсады" деген айыппен жеті жылға сотталған. Кейін ол президент рақымшылығымен қамаудан босап, жазасы айыппұлға ауыстырылған. Бірақ ол айыппұл төлеуден бас тартқан соң бес айға қамалған.
Ұйым Қазақстанның "Шыңжаңдағы қысымнан қаштық" деген екі қазақ Мұрагер Әлімұлы мен Қастер Мұсаханның үстінен іс қозғалғанына да алаңдаушылық білдірген.
HRW әлемдегі адам құқығының ахуалы туралы есебінде "Қытай – әлемдегі дамып келе жатқан держава ғана емес, халықаралық адам құқығына қауіп төндіретін ел" деп жазған. Ұйым Қытайдың Шыңжаңдағы ұйғырларды, қазақтарды және басқа да мұсылмандарды қудалап жатқанын, елде азаматтарды аңдитын технологиялық жүйе қалыптасқанын, Гонконгтің ішкі ісіне араласып отырғанын сынаған.
Human Rights Watch және өзге де халықаралық ұйымдар мен Батыс елдері Нұр-Сұлтанды халықаралық қауымдастық алдында алған міндеттемелерін орындап, адам құқықтары мен азаматтық бостандықтарды сақтауға, оппозиция мен азаматтық белсенділерді, тәуелсіз журналистерді қудалауды доғаруға үнемі шақырып келеді. Қазақстан билігі елде адам құқықтары сақталып отыр деп мәлімдейді.
ПІКІРЛЕР