15 қаңтарда 58 жастағы Василий Кузьмин Алматы облысы Заречный кентіндегі түрмеден босап шықты. Оны түрме қақпасынан қарындасы Марина Кузьмина қарсы алды. Кузьмина бұған дейін Қапшағай қалалық соты 30 желтоқсанда ағасын сырқатына байланысты бостандыққа шығару туралы шешім қабылдағанын хабарлаған. Сот шешіміне екінші топ мүгедегін түрмеде ұстау мүмкін еместігін көрсететін медициналық комиссия актісі негіз болған.
Айыпталған азамат Кузьмин жайлы Азаттық алғаш рет оның қарындасы Маринадан 2019 жылы ақпанда білген. Ол ағасына қажетті дәрі-дәрмекті жеткізу үшін Заречный түрмесіне жиі барған. Оның сөзінше, түрме әкімшілігі Кузьминге тиісті дәрежеде медициналық көмек көрсетпеген. Былтыр мамыр айында Кузьмин адвокатына түрменің медицина бөлімшесінде төсекте кісендеп ұстағанын, туыстарына байланысуға рұқсат бермегенін хабарлаған.
Түрме әкімшілігі бұл ақпаратты зерттейтінін хабарлаған. Бірақ кейін қамауда отырған азаматтың тәртібіне қатысты шағым түскен. Ал Кузьминнің қарындасының айтуынша, ол өз құқығы үшін күрескен. Бірақ Кузьминге де, оған «реніші бар» азаматтарға да іс қозғалмаған.
Алматы тұрғыны Василий Кузмин 2018 жылдың 11 маусымында денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру айыбымен үш жарым жылға сотталған. Туысының сөзінше, оның түрмеде денсаулығы күрт нашарлаған. Түрмеде өліп қала ма деп қорыққан қарындасына түзеу мекемесі тиісті медициналық көмек көрсетіліп жатқанын айтқан.
Қазақстанда түрмеге түскен, онда құқығы үшін күрескен науқас азаматтар көп жағдайда қамауда отырып қайтыс болады. Мұндай жағдайда түзеу мекемесі ереже бойынша адамның сотталған кезде сырқат болғанына сілтейді. Василий Кузьминнің қарындасы «29 жастағы Руслан Шахгиреевті ауыр сырқатына қарамастан, көз жұмғанға дейін түрмеден ұстағанын айтып, жағдай осылай аяқтала ма» деп қауіптенген.
ПІКІРЛЕР