Қалмұханбет Қасымов мемлекеттік күзет қызметінің бастығы болып тағайындалды деп хабарлады 16 қаңтарда Ақорда. Ол президент жарлығымен президент кеңесшісі және Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы қызметінен босатылған.
Бұған дейін мемлекеттік күзет қызметін Әнуар Садықұлов басқарған. 16 қаңтарда оның ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалғаны белгілі болды. Садықұловпен бірге мемлекеттік күзет қызметінен оның орынбасары Әзімхан Жүсіпов те кеткен.
62 жастағы Қасымов былтыр 12 ақпанда президент кеңесшісі және Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы қызметіне тағайындалған. Оған дейін 8 жыл ішкі істер министрлігін басқарды.
Сегіз жылдың ішінде Қасымов басқарған министрлік бірнеше рет қоғам сынына ұшырады. Оның отставкаға кетуін талап еткендер де көп болды. 2011 жылы желтоқсанда Жаңаөзен оқиғасы кезінде полиция ереуілге шыққандарға оқ атып, 16 адам мерт болған. Бұл оқиғаға қоғам әлі күнге дейін Қасымов басқарған министрлікті айыптайды.
Оқи отырыңыз: Қасымов кетті ме, әлде қалды ма?
Бірақ толассыз сынның астында қалса да, Қасымов қызметін жалғастыра берді. 2018 жылы көктемде Қазақстан президенті Назарбаев халыққа жолдауы кезінде Қасымовты "ең тәжірибелі полицей" деген.
Мемлекеттік күзет қызметі президентке тікелей бағынып, соған есеп береді. Ол президентті күзету міндетін атқарып, "заңнамада бекітілген өкілет аясында" "ұлт көшбасшысын" (Нұрсұлтан Назарбаев) да қорғауға жауапты.
ПІКІРЛЕР