Accessibility links

Оралда шетелдік нөмірі бар көлік иелері наразылық білдірді


"Нұр Отан" кеңсесінің қабылдауына келген жүргізушілер. Орал, 17 қаңтар 2020 жыл.
"Нұр Отан" кеңсесінің қабылдауына келген жүргізушілер. Орал, 17 қаңтар 2020 жыл.

Батыс Қазақстан облысының әкімшілік орталығы Орал қаласында ондаған жүргізуші Қазақстан билігінің шетелдік нөмірі бар көліктерді кедендік рәсімдеуден өткізіп, тіркеу бойынша қойған талаптарына наразылық білдірді.

Олар "Нұр Отан" партиясы бөлімшесіне барып, полиция департаменті мен мемлекеттік кірістер департаменті қызметкерлерімен кездесті. Бұған дейін осы аптада жүргізушілер осы мәселеге байланысты бейбіт митингіге шығады деген хабар тараған.

"Нұр Отан" партиясына барған жүргізушілер "көліктерді кедендік тазарту құны өте қымбат" екенін айтып, бірнеше миллион теңгеге баратынын жеткізді. Олардың айтуынша, билік бірнеше жыл бойы шетелдік нөмірі бар көліктерді әкелуге кедергі жасамаған, кедендік рәсімдеу қажеттігін жыл басында ғана айтқан.

Батыс Қазақстан мемлекеттік кірістер департаменті басқармасының жетекшісі Қайрат Кенжеғожин көлік иелері заңда бекітілген тәртіппен баж салығын төлеуі тиіс дейді.

- Егер көлік Армениядан әкелінсе және Арменияда 2014 жылдың 10 қазаны мен 2020 жылдың қаңтар айлары аралығында кедендік рәсімдеуден өткен болса - бұл уақыт аралығында Арменияда жеңілдік режимі жұмыс істеді және ондағы рәсімдеу құны Қазақстандағыдан гөрі арзандау болған, - деді Кенжеғожин.

Департамент өкілінің айтуынша, кедендік тазарту сомасын мемлекеттік кірістер комитетінің сайтындағы калькулятордың көмегімен есептеуге болады. Ал жүргізушілердің айтуынша, көліктерді рәсімдеу көлік бағасымен пара-пар.

Облыстық полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасының жетекшісі Жанболат Жаншиннің түсіндіруінше, "Жол ережелері туралы заң" шетелден көлік сатып алған азаматтарды 10 күннің ішінде көліктерін тіркеуді міндеттейді. "Еуро-4" стандартына сәйкес келмейтін көліктер ғана тіркеуден өтпейді.

Осы аптада Қазақстанның ішкі істер министрлігі Қырғызстан мен Арменияда тіркелген көліктерді кедендік тазарту рәсімінен өткізіп, баж салығын төлеп, тіркегеннен кейін ғана пайдалануға болады деп айтқан.

Жүргізушілердің бірі Ерболат Мұсағалиев 2009 жылы шыққан көлігін Армениядан өткен жылы әкелген. Ол Армения Еуразия экономикалық одағына кіргендіктен кедендік тазарту болмайды деп ойлаған. Оның айтуынша, Арменияда көлік құны Қазақстанмен салыстырғанда 1,5-2 есеге арзан болғандықтан сол жақтан оны сатып алған. Енді ол "Еуро-4" стандартына сәйкес келмейтін көлікті не істейтінін білмей отыр.

- Кедендік одақ емес пе! Биліктің өзі техника құралдары еш бөгетсіз жүреді деп айтқан. Кедендік одақтың мәнісі не? Неге бұл 2020 жылы ғана естеріне түсті? Тым болмағанда былтыр айтқанда ғой. Менің көлігім 2009 жылы шыққан. Кедендік рәсімдеу құны өте қымбат болса да өткен жылы тіркеліп үлгеретін едім, - дейді Мұсағалиев Азаттық тілшісіне.

Бұған дейін партия өкілдері жүргізушілерді күні бойы қабылдайтынын айтқан.

16 қаңтарда Ақтөбеде шетелдік нөмірі бар көлік иелері кедендік рәсімдеуді жеңілдетуді талап еткен. Аймақ баспасөзінің жазуынша, бұған ұқсас наразылықтар Ақтау, Жаңаөзен және Қазақстанның өзге батыс қалаларында өткен.

Оқи отырыңыз: Ақтөбеде жүргізушілер шетелдік нөмірі бар көліктерді тіркеуді жеңілдетуді талап етті

Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, қазіргі кезде Қазақстанда шетелдік нөмірі бар 170 мың көлік бар. Олар Армения, Қырғызстан, Беларусь және Ресейде тіркелген. Министрлік заң бойынша тіркелмеген көліктерді жүргізгендерге айыппұл салатынын немесе айыппұл тұрағына қоятынын ескертті. Биліктің айтуынша, шетелдік нөмірі бар көліктер тіркелмегендіктен "жауапкершілікті" сезінбейді және жол ережесін бұзса да бақылау камераларына түспейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG