Accessibility links

Жанболат Мамай бастаған белсенділер Алматы прокуратурасына талап арызбен барды


Алматы прокуратурасына келіп тұрған Жанболат Мамай бастаған белсенділер. 20 қаңтар 2020 жыл.
Алматы прокуратурасына келіп тұрған Жанболат Мамай бастаған белсенділер. 20 қаңтар 2020 жыл.

Бүгін Алматы қаласының прокуратурасына саясаткер Жанболат Мамай бастаған оннан астам белсенділер барып, өздері ұйымдастырғалы жүрген "Қазақстанның демократиялық партиясының" бастамашыл тобына билік қысым жасап отырғанын мәлімдеді.

Олардың сөзінше 2019 жылдың 26 желтоқсанында "Демократиялық партияны ұйымдастыру комитеті" Әділет министрлігіне 1122 адамнан тұратын бастамашыл топтың тізімін тапсырған, "Саяси партиялар" туралы заңға сәйкес әділет министрлігі мұны сол күні растаған.

- Заң бойынша осы уақыттан бастап екі айдың ішінде саяси партияның құрылтай съезін өткізуіміз керек. Бірақ Алматы қаласы мен Алматы облысындағы бастамашыл топ өкілдерінің үйін жергілікті әкімшілік қызметкерлері мен полиция қызметкерлері тексере бастады. Бастамашыл топ мүшелерінің тізімін әділет министрлігіне ғана бергенбіз. Осы себепті бұл министрлікті тексеруді, бастамашыл топ мүшелерін қуғындауды тоқтатуды, демократиялық партиянының құрылтай съезін ұйымдастыруға кедергі келтірмеуді талап етеміз,- дейді Жанболат Мамай.

Әкімшілік пен полиция қызметкерлері іздеп барған бірнеше белсендінің аты-жөнін атаған ол "Конституция бойынша әр адамның саяси партия құрамында болуға және қайсысының қатарында екенін айтуға және айтпауға құқығы бар, полиция мен әкімшілік қызметкерлері конституцияны бұзып отыр" деп санайды.

Алматы қаласының прокуратурасы партия құрғысы келетін белсенділердің арызын қабылдады.

Саясаткер Жанболат Мамай 2019 жылы "Қазақстаннның демократиялық партиясы" деп аталатын партия құруға кіріскенін, осы мақсаттағы әрекеттеріне билік кедергі жасап келе жатқанын бірнеше рет мәлімдеген. Ол таяуда партия құрудың келесі сатысы - бастамашыл топтың мың адамнан тұратын съезін өткізуге құжат тапсырғанын хабарлаған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG