Accessibility links

Оралда белсенділер полиция бастығын отставкаға жіберуді талап етті


Белсенділер мен Батыс Қазақстан облысы әкімдігі шенеуніктерінің кездесуі. Орал, 20 қаңтар 2020 жыл.
Белсенділер мен Батыс Қазақстан облысы әкімдігі шенеуніктерінің кездесуі. Орал, 20 қаңтар 2020 жыл.

20 қаңтарда оннан астам адам Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиевпен кездесу үшін облыстық әкімдік алдына жиналды. Олардың басым бөлігі бұған дейін пикет пен митингілерге шығып жүрген азаматтар болды. Олар облыстық полиция департаментінің бастығы Мақсұтқан Әбіләзімовтің отставкасын талап етті.

- Менің ойымша, елде дағдарыс жағдай қалыптасты. Соның шешімін облыс әкімімен жергілікті деңгейде талқылағым келеді. Негізгі мәселе - құқық қорғау органдарындағы жағдай, - деді жиналғандардың бірі Бауыржан Әліпқалиев.

Белсенділердің алдына ішкі саясат басқармасының бастығы Нұрлыбек Даумов шықты. Ол Ғали Есқалиевтің орнында емес екенін, бірақ оларды облыс әкімінің орынбасары Серік Орынбасаровтың қабылдауға дайын екенін айтты. Орынбасаровтың жанында әкімшілік полиция басқармасының бастығы Жанболат Жаншин, мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері, ішкі саясат бөлімі мен басқармасының мамандары, сонымен бірге кездесуден видео түсірген әкімдіктің бірнеше қызметкері болды.

- Облыста күрделі дағдарыс қалыптасып отыр. Негізгі мәселе - генерал Мақсұтхан Әбіләзімовтің қызметіне лайық-лайық еместігі. Соңғы айларда полиция қызметкерлері бірнеше рет жол ережесін бұзып, апатқа себепші болды. Ал Әбіләзімов күш қолдана бастады. Бұл дұрыс емес. Ол халықпен диалог орнатуы тиіс. Біз бәріміз заң алдында теңбіз. Бірақ Әбіләзімов диалог орнатудың орнына күш қолданып жатыр, - деді Бауыржан Әліпқалиев.

Оның айтқандарын қалғандары қолдады.

- Мұндай сұрақты шеше алмаймын. Облыс әкімі оны шеше ала ма, өзінен сұрау керек. Ол үшін әкіммен кездесу керек. Әкімнің халықпен кездесетін күндері бар. Соған жазылу керек, - деді Серік Орынбасаров.

Кездесу шамамен екі сағатқа созылды. Онда белсенділер бірнеше мәселені талқылады. Олардың арасында митингілер мен пикет өткізу, белсенділердің қуғындалуы, митинг өткізуге рұқсат бермеу сияқты мәселелер бар.

- Кездесу нәтижелі өтті дей алмаймын. Иә, көп мәселені талқыладық, сөйлестік. Бірақ негізгі мәселе - генерал отставкасы сол күйі ашық күйінде қалды. Біз облыс әкімінің қабылдауына жазылып, осы мәселені талқылағымыз келеді, - деді Бауыржан Әліпқалиев.

Кездесу кезінде белсенділер "шетелден әкелген көліктер туралы" бейбіт митинг өткізуге өтініш берді. Осымен жергілікті белсенділер осы мәселе бойынша екінші рет өтініш беріп отыр. Бұған дейін әкімдік алдыңғы өтінішті қанағаттандырмаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG