Түркістан облысында тұратын журналист Амангелді Батырбеков осы айда Қазақстан үшін айрықша саналатын жайттың куәсі болды. Сот журналистен кешірім сұрады. Бұл – сот үкімінің 99 пайызы айыптау негізінде шығарылатын Қазақстанның құқықтық тәжірибесінде өте сирек кездесетін жағдай.
Қаңтарда Түркістан облысы сотының апелляция алқасы жергілікті шенеуніктің арызы негізінде "Жала жабу" және "Абырой мен қадір-қасиетке нұқсан келтіру" бабы бойынша қозғалған істі қарап, журналисті ақтады. Батырбековке Facebook әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған жазбасы үшін 27 ай түрме жазасын (ол төрт айға жуық уақыт қамауда отырды) кескен сот үкімінің күші жойылды.
Бірақ Батырбековке қуануға әлі ерте сияқты. Facebook-тегі жазбасы үшін оның үстінен тағы бір арыз түскен. Бұл жолы журналисті жергілікті қоғамдық бірлестік басшысы "жалған ақпарат таратты" деп айыптап отыр. Соңғы бес жылда бірнеше рет "жала жабу" айыбы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылған журналист Амангелді Батырбеков бұл бапты Қылмыстық кодекстен алып тастау бастамасын қолдайды.
- Әрине [декриминализация] көмектеседі. Көп адам жазған дүниесі үшін "жала жабу" бабымен жауапқа тартады деп қорқады. Қазір адамдар көп маңызды дүниелерді жазудан қалды. Олар "жоқ, мойнымызға "жала жабу" айыбын артып қоюы мүмкін" деп қауіптенеді. Егер мұндай болмаса [жала жапқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту – ред.], көп тақырып барынша ашық талқыланып, көп шындықтың беті ашылар еді. [Жала жабуды] декриминализациялау керек деп есептеймін. Жала жапса, айыппұл төлесін не басқа шара қолдансын, бірақ сотқа тарту… Бұл бап үшін түрмеге жабу масқара ғой! - дейді Батырбеков.
Сот Амангелді Батырбековтен кешірім сұраған сәттен үш апта бұрын Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "жала жабу" бабын қылмыстық кодекстен алып тастауды ұсынды. Былтыр желтоқсанның соңында өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің (сайлаудан кейін болған жаппай наразылық шараларынан соң мемлекет басшысының бастамасымен құрылған президент жанындағы консультативті-кеңесші орган) отырысында Тоқаев "жала жабу" бабын қылмыстық кодекстен әкімшілік құқықбұзушылық туралы заңға ауыстыру туралы "шешім қабылдағанын" айтқан. "Осыған қарамастан, басқа азаматтардың құқықтарын қамтамасыз етіп, оларды қорғау үшін жауапкершілікті жоғары деңгейде сақтау керек" деді президент.
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, адвокат Айман Омарова 2019 жылы қыркүйек айында өткен кеңестің бірінші отырысында Қазақстан билігін "жала жабу" бабы үшін қылмыстық жауапкершілікті алып тастауға шақырған. Адвокат бұл бастама елдегі сөз бостандығының жағдайын жақсартуға көмектеседі деп сенеді.
- 130-баптың ("Жала жабу" - ред.) бірінші бөлімі барлық [азаматқа] арналған деуге болады. Бірақ біз бұл бап бойынша қылмыстық істердің 99 пайызы айтылған емес, жазылған сөздерге байланысты қозғалғанын білеміз. Көбіне қоғамдық орында, әлеуметтік желіде не ақпарат құралдарында айтылған дүниелерге қатысты болады. Қазір көңіл бөлуді, күш салуды қажет ететін басқа ауыр және аса ауыр істер көп деп ойлаймын. Сондықтан 130-бапты декриминализациялау керек. Бұл сөз бостандығының жағдайын жақсартады, - дейді Айман Омарова.
"ТАЯҚТЫҢ ЕКІ ҰШЫ"
Медиазаңгерлер мен журналистер құқығын қорғайтын ұйым өкілдері Қазақстан билігінің "жала жабу" бабын қылмыстық кодекстен алып тастауға талпынысын қолдайды. Бірақ аталған бапты әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодекске ауыстыру бастамасына алаңдаушылықпен қарайды. Мамандар мәселенің "көзге көрінбейтін олқылығы" көп екенін айтады. "Құқықтық медиа-орталық" қоғамдық ұйымының заңгері Гүлмира Біржанованың сөзінше, билік ұсынған бастамада "таяқтың екі ұшы" бар.
- Мұнда мемлекет ["Жала жабу" туралы 130-бапты] әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске ауыстыру арқылы өз құқығын асыра пайдаланып, біз тағы да баяғы мәселемен бетпе-бет келуіміз мүмкін деген алаңдаушылық бар. Иә, бұл қылмыстық жауапкершілік емес, бірақ айыппұл көлемі үлкен болып, қосымша шектеулер қолданылуы мүмкін, - дейді Біржанова.
Журналистер құқығын қорғайтын "Әділ сөз" қоғамдық қорының президенті Тамара Калеева онсыз да шаруасы көп әкімшілік соттар (онда жол жүру ережесін бұзу, тұрмыстағы зорлық-зомбылық, ұсақ бұзақылық пен басқа істер қаралады) ешқашан "жала жабу" бабы бойынша қозғалған істермен жұмыс істеп көрмегенін, бұл саланың ерекшелігін білмейтінін айтады. Оның пікірінше, қазір аталған бапты қылмыстық істер жөніндегі сотта қарайтын тәжірибе де мінсіз деуге келмейді, өйткені онда судьялар бірінші кезекте айыпталушы таратқан ақпараттың шынайы не жалған екенін анықтауға тырысады. Бірақ бұл істе жала жабу ниетінің болғанын дәлелдеу әлдеқайда маңызды және судья осыған мән беруі керек. Сондықтан "жала жабуды" әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодекске ауыстырса, жағдай ушығуы мүмкін дейді құқық қорғаушы.
- Өте көп сот ісі болып, азаматтар мен редакциялардан моральдық шығын өндіріліп, ірі көлемде айыппұл салынады деп қорқамын. Онда бұл бастама Қазақстандағы сөз бостандығына пайда әкелудің орнына, кері әсерін тигізеді. [Сөз бостандығына] бапты әкімшілік кодекске ауыстыру емес, декриминализация көмектеседі, - дейді Калеева.
Журналистер құқығын қорғаушылар жала жабу негізінде қозғалған істерді азаматтық істер жөніндегі сот қарауы керек деп санайды. Азаматтық кодексте "абыройы мен қадір-қасиетін, іскерлік беделін қорғау" туралы бап бар. Онда азамат немесе ұйым өз беделіне нұқсан келтіреді деп тапқан ақпаратты теріске шығару, моральдық және өзге шығындарды өндіру талабы бекітілген. Қазақстанда бұл бап бойынша арыз көбіне журналистер мен ақпарат құралдарына қарсы беріледі.
АҚШ-та орналасқан "Журналистерді қорғау комитеті" ұйымы Қазақстан билігін "қателік жібермеуге" шақырады.
- Жергілікті серіктестеріміз бен журналистерден бірқатар шенеунік бұл айыптауларды азаматтық емес, әкімшілік кодекске ауыстыруды көздеп жүргенін естідік. Бұл Қазақстан үшін қате шешім болады. Жала жабу мен диффамация үшін әкімшілік қудалау журналистерді дәл қазіргідей қорғансыз күйде қалдырады. Жала жабу мен диффамация азаматтық соттарда ғана қаралуы керек, - дейді "Журналистерді қорғау комитеті" ұйымының Еуропа мен Орталық Азия бойынша бағдарламасына жетекшілік ететін Гүлноза Саид.
ОРЫНДАЛМАҒАН УӘДЕЛЕР
"Әділ сөз" қоғамдық қорының дерегінше, 2019 жылы Қазақстанда жала жабу және абыройы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіру айыптары бойынша журналистерге қарсы қозғалған 26 іс тіркелген. "Әділ сөз" прокуратура мәліметіне сүйеніп, 2016-2017 жылдары "жала жабу" бабы бойынша қаралған істердің 89 пайызында айыпталушыны ақтайтын үкім шығарылғанын айтады. Журналистер құқығын қорғаушылар мұны "жеке айыптау кезінде кедергінің аз болуынан туған тартыс нәтижесі" деп түсіндіреді. "Әділ сөз" қорының президенті Тамара Калеева айыпталушыны ақтайтын үкімнің көп болуы сөз бостандығының ахуалын жақсартпайтынын, керісінше, ақпарат құралдарына "кері әсер ететінін" айтады.
- Тоқаевқа жазған хатымызда "шартты жаза, шартты негізде бостандығынан айырудың өзі адамның еркіндігі мен шығармашылығын тежейді" деп көрсеттік. Адам қорқып қалады. Сондықтан бұл сөз бостандығы үшін "кері әсер етуші эффект" саналады, - дейді Калеева.
Өткен жылы Қазақстан халықаралық "Шекарасыз тілшілер" ұйымы (Reporters sans frontières, RSF) ұйымы жыл сайын жариялайтын "Баспасөз бостандығының бүкіләлемдік индексінде" 158-орынға тұрақтаған.
Қазақстанда "жала жабу" бабын декриминализациялау туралы уәделер бұған дейін де бірнеше рет айтылған. 2010 жылы Қазақстан Қылмыстық кодекстен жала жабу туралы бапты ЕҚЫҰ-дағы төрағалығы аяқталғанға дейін алып тастауды жоспарлап отырғанын мәлімдеген.
2011 жылы сол кездегі ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-тың Washington Post газетінде "Қазақстан жала жабуды азаматтық кодекске кіргізіп, үздік халықаралық тәжірибемен теңесіп, сөз бостандығына қолдау көрсетеді" деп жазған. Дәл сол 2011 жылы билік 2014 жылға дейін журналистер үшін жала жабу және абыройы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіру баптары декриминализациялаудан өтетінін мәлімдеген. Бірақ бұл уәделер сөз жүзінде қалды.
2019 жылы наурызда президент қызметінен отставкаға кеткенімен, кең құзыретін сақтап қалған Нұрсұлтан Назарбаев былтыр тамызда өзі басқаратын "Нұр Отан" саяси партиясының сьезінде "жала жабу" бабы бойынша жазаны қатаңдатуға шақырды. Оның бұл мәлімдемесін журналистер мен құқық қорғаушылар түсіне алмады. Өйткені 130-бап ("Жала жабу" – "адамның абыройы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін немесе оның беделін түсіретін көрінеу жалған мәлімет тарату") бойынша онсыз да түзету жұмыстары, 3000 АЕК дейін (8 миллион теңгеге жуық) айыппұл салу, бостандығын шектеу немесе үш жылға дейін бас бостандығынан айыру сияқты қатаң жазалар қарастырылған.
Осы мәлімдемеден төрт айдан кейін, Назарбаев президенттіктен кеткенде өз орнына қалдырған Қасым-Жомарт Тоқаев жала жабуды қылмыстық заңнан алып тастауды, бұл бапты әкімшілік кодекске ауыстыруды ұсынды.
Журналистер құқығын қорғаушылар заңға өзгеріс енгізу үкімет органының жанынан жұмыс тобын құру, заң жобасын парламентте талқылап, қабылдау, оны президенттің қол қоюына беруді қосқанда, бір жылға жуық уақыт алатынын айтады.
Сарапшылар "жала жабу" бабын декриминализациялау сөз бостандығы жағдайын бірден жақсартпайды деп есептейді. Орталық Азияда екі мемлекетте – Өзбекстан мен Қазақстанда – жала жабу қылмыстық іс саналады. RSF баспасөз бостандығының бүкіләлемдік индексінде соңғы 180-орында тұрған Түркіменстанның өзі 2014 жылы "жала жабу" бабын қылмыстық заңнан алып тастаған. Ресейде "жала жабу" бабы 2011 жылы декриминализациялаудан өтіп, 2012 жылы қылмыстық кодекске қайта қосылған.
ПІКІРЛЕР